Облысымызға жұмыс сапарымен келген ҚР Парламенті Сенатының депутаты Бақтыбай Шелпеков елімізде алғаш рет қабылданатын «Жайыламдар туралы» Заң жобасын таныстырып, талқылау мақсатында Маңғыстау ауданына барды. Жиынға облыстық басқарма басшылары, Маңғыстау ауданы әкімі Жармағанбет Айтуаров, оның орынбасарлары, аудандық мәслихат хатшысы Абзал Сарбалаев, ардагерлер, шаруа қожалықтарының басшылары, ауыл әкімдері, халық қалаулылары, бөлім мен мекеме басшылары және БАҚ өкілдері қатысты.
– Мәжілістің жалпы отырысында «Жайылымдар туралы» заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды. Сенатта қаралу үстінде. Қаңтардың аяғында екінші оқылымда жаңа құжатты қабылдау жоспарланған. Өткен жылы жерге байланысты құрылған комиссия отырыстарында жайылым мәселесі көтерілген-ді. Сол кезде айтылған ұсыныс- пікірлердің нәтижесінде жаңа заң қабылдаудың қажеттілігі туындады. Еліміздегі жайылымның 187 млн.гектар жайылымдық жер бар. Ауылшаруашылығы мақсатындағы жердің 66 пайызы жайылымдық жердің үлесінде. Сондай-ақ 26 млн. бас төрт түлік бар. Жаңа құжат елімізде ата кәсібімізді дамытуды жолға қойып, жерді ұтымды пайдалануға, мал басын өсіруге, өнімін молайтуға бағытталған. Заң жобасына енгізетін орынды ұсыныстарыңыз, құнды пікірлеріңізді ескеруге дайынбыз, – деді сенатор Бақтыбай Ақбердіұлы.
Облыстық жер қатынастары басқармасының басшысы Есемұрат Дүзмағанбетовтың айтуынша, өңірде 16 млн.гектар жер болса, соның 12 млн.гектары жайылымдық мақсаттағы жер. Маңғыстау ауданында 4 млн.700 мың гектар жердің 3 млн. 238 мың гектары мемлекеттің меншігіндегі босалқы жер. Аталмыш аудандағы пайдаланыстағы 1 млн.460 мың гектардың жердің 724 мың гектары 563 шаруа қожалығына берілген. Аудандағы 283 мың гектар жерді серіктестіктер мен кооперативтер пайдаланып отыр. Елді - мекендердегі жайылымға орташа есеппен 8 мың гектар жер берілген.
Жиында облыстық ауылшаруашылығы басқармасының басшысы Болат Ерсайынұлы ата кәсіпті берекелі нәсіп ету мақсатында жасалып жатқан жұмыстардан хабардар етіп, мемлекеттік көмекті қалай алуға болатынын түсіндіріп, шаруаларды қырға шығуға шақырды. Жиынға сөз сөйлегендер заң жобасын қолдайтындарын және қаңтар айының аяғына дейін ұсыныс-пікірлерін жолдайтындарын жеткізіп, малдың терісін, жүнін өткізу және ауыл маңындағы жайылымдық жердің аясын кеңейтуге қатысты мәселелер көтерді. Бұл сауалдарға Парламент Сенатының депутаты Бақтыбай Шелпеков, облыстық ауылшаруашылығы басқармасының басшысы Болат Ерсайынұлы жауап берді.
Жайылымды реттеу, ұйымдастыру, жоспарлау және басқаруға бағытталған жаңа заң қабылданғаннан кейін ауыл, аудан әкімдері және мәслихат депутаттары алдында шаруалармен кеңесіп, жұмысты жүйелі ұйымдастыру міндеті тұр.
Фарида МҰҢАЛҚЫЗЫ Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН