Облыс әкімдігінде ҚР мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің аймағымыз бойынша департаментінің ұйымдастыруымен әдеп жөніндегі кеңестің кезекті отырысы болып өтті. Кеңес мүшелерінің басқосуында облыстық тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті мен білім басқармасының басшылары 2016 жылдың қорытындысы бойынша мемлекеттік қызмет, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл заңнамалары мен әдеп кодексінің орындалысы және сондай-ақ, басқа да алдын алу мақсатында атқарылған іс шаралар жөнінде есеп берді.
Әдеп кеңесінің кезекті отырысы күн тәртібі бойынша Маңғыстау ауданының әкімі Жармағанбет Айтуаровтың өткен жылы мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл заңнамалары мен әдеп кодексінің орындалысына қатысты жұмыстарының есебінен басталуы тиіс болатын. Бізге белгісіз себептермен аудан әкімі мәжіліске қатысқан жоқ. Мінбеге осындай есеппен облыстық тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің басшысы Рабиға Милибаева көтерілді. Ол жұмыстардың өз ретімен жүргізіліп жатқанын, 2016 жылы департаментке тұрғындардан 1214 өтініш пен арыз-шағым түскенін баяндады. Шағымдардың басым көпшілігі сауда-саттық, тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы қызметіне қатысты болған. Рабиға Төлеуқызының айтуынша, тұтынушылар құқығын қорғау саласында өңірімізде мамандар жеткіліксіз. Дегенмен, кеңес мүшелері көкейтесті сауалдарына жауап алмай, құрылымға өткен жылдың қараша айында тағайындалған басшының баяндамасына қанағаттанған жоқ.
Баяндама жарамсыз. Кеңестің келесі отырысына дұрыстап дайындалып, қайта есеп беруді тапсырамыз,-деді облыстық әдеп кеңесі төрағасының міндетін атқарушы Ерлеген Меңдалиев. Бұдан соң білім саласы бойынша сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне жүргізілген сыртқы талдау нәтижелері бойынша облыстық білім басқармасының басшысы Зейнеп Тастемірова сөз алды. Оның айтуынша, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мақсатында жұмыс жоспары жасақталып, сол бойынша іс шаралар қолға алынуда. Елімізде өзектіге айналған балабақша кезектілігін азайту, оның ашықтығын қамтамасыз ету мақсатындағы жұмыстың нәтижесінде былтыр ұзынсонар кезек 1532 балаға азайған. Балабақша басшыларының сәбиді бақшаға орналастыруда ақша талап етудің екі дерегі тіркелді. Пәндік олимпиадалардың әділ өткізу үшін арнайы бақылау кеңесі құрылған. Дегенмен, кемшіліктер де жоқ емес.
Өңіріміздегі колледждерде сыбайлас жемқорлық фактілерінің кездесетіні рас. Онда мәселелердің барын мойындаймыз. Білім мекемелерінде қаржылық құқық бұзушылық байқалып отыр. Мұнайлы ауданына қарасты білім ордасында жемқорлыққа байланысты мектептің есепшісі жұмыстан босатылып, басшысына сөгіс берілді. Жаңаөзенде өз лауазымын шектен тыс пайдаланған мектеп директоры қызметтен қуылды. Мен ақталмаймын, мәселе көп,-дейді Зейнеп Тастемірова.
Білім саласындағы атқарылған шаралар өз нәтижесін берер емес. Демек, тактиканы өзгерту қажет қой. Жемқорлықтың алдын алу мақсатындағы «Адал ұрпақ» жобасы жасақталған болатын. Мәселен, таяуда Өмірзақ ауылында мектепте болдым. Сонда ұстаздардың жоба туралы олардың ештеңе білмейтіндігін түсіндім. «Ашық сессия» жобасы да еш нәтиже берген жоқ. Мектептер мен балабақшаларда ата-аналардан ақша жинау тоқтаған жоқ. Меніңше, жасалып жатқан іс-шаралардың барлығы тек қана сөз жүзінде, қағаз бетінде,- деді облыстық әдеп кеңесі төрағасының міндетін атқарушы Ерлеген Меңдалиев.
Өткен жылы ҚР мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің аймағымыз бойынша департаментінің қызметкерлері білім саласы қызметінде сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау жүргізген. Қорытындыда бірқатар кемшіліктер анықталған. Ақтау қалалық білім бөлімін тексеру кезінде балабақшаға жолдама беру кезінде кезектіліктің сақталмайтындығы байқалған. Бірқатар балалар кезекте жылдап тұрғандарымен мектепке дейінгі мекеме есігін аттай алмайды. Ал, олардан кейін туылып, кезек тұрғанда бақшаға алынған. Осылайша, 75 балғынның құқықтары қалпына келтіріліп, бос орындарға зерделеудің арқасында 391 балаға жолдама берілген.
Анар ШАМШАДИНОВА