Ақтау қаласында жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиаданың облыстық кезеңі 5-6 қаңтар күндері өтті. Оқушылардың шығармашылық қабілеттерін дамыту, теориялық білімін жетілдіру, дарынды балаларды анықтауды мақсат тұтқан білім додасында озық ойлы оқушылар анықталды.
Облыстық олимпиадаға қалалық, аудандық кезеңдерде жаратылыстану-математика бағыты бойынша 327, қоғамдық-гуманитарлық пәндер бойынша 306 оқушы қатысты. Дарындыларды даралайтын сайыс он үш пән бойынша өтті. Әр пән бойынша білікті, жоғары санатты, тәжірибелі мұғалімдерден құралған қазылар алқасы екі күн бойы оқушылардың білімдері мен тәжірибелік дағдыларын бағалады. Олимпиаданың әділетті өтуі үшін қазылар алқасының құрамы іріктеуден өткізіліп, қоғамдық бақылау орнату үшін Бақылау кеңесі құрылды.
– Олимпиада – оқушылардың білім дәлелдейтін алаңы. Оқушылар күнделікті сабақ үстінде үй тапсырмасын айтқанда да сайысқа түседі деп ойлаймын. Осылайша, шыңдалған талаптарыңыз бен мұғалімнің берген білімін қандай деңгейде меңгергендеріңізді дәлелдеп, ой-өрістеріңізді байқаттыңыздар.Жүзден жүйрік шыққан жеңімпаздарды құттықтап, республикалық олимпиадада сәттілік тілеймін, – деді Бақылау кеңесінң мүшесі, «Жастар жетістігі» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Жақсыгүл Махамбетова.
Олимпиада қорытындысы бойынша 37 оқушы І орынға, 40 оқушы ІІ орынға, 103 оқушы ІІІ орынға ие болды. Жоғары нәтиже көрсеткені үшін Ақтау қаласындағы қазақ-түрік лицейі «Үздік команда - 2017» атағын жеңіп алды. Білім бәсекесінің І,ІІ орын жүлдегерлері ағымдағы жылдың наурызында Ақтау және Павлодар қалаларында өтетін республикалық олимпиадаға қатысады.
– Жыл бойы уақытымызды босқа өткізбей, ұстаздарымызбен бірге ең маңызды сайысқа дайындалдық. Сол дайындығымыздың нәтижесін көрсетіп, қаншалықты білімді екенімізді дәлелдедік. Менімен бірге жыл бойы дайындалған балалардың барлығы да жеңімпаз атанды. Бұл білім додасының әділетті өткендігін білдіреді. Бізді жан-жақты дайындаған, ізденуге талпындырған ұстаздарыма, ұйымдастырушыларға алғыс айтамын, – деді математикадан І орынға ие болған Ақтау қаласындағы қазақ-түрік лицейінің 9- сынып оқушысы Шарау Қадірбек.
«Дарын» облыстық қосымша білім орталығының директоры Ескендір Құмбаевтың айтуынша, «Дарын» облыстық қосымша білім орталығы білім басқармасымен бірге осы олимпиаданы жоғары деңгейде өткізуге күш салды. Аудандар мен Жаңаөзен қаласынан келген қатысушылар және олардың жетекшілері, қазылар алқасы мүшелері жатақханаларға орналастырылды. Оқушылардың бос кездерін тиімді пайдалану үшін спорттық шаралар мен психологиялық тренингтер өткізілді.
Фарида МҰҢАЛҚЫЗЫ