Маңғыстау облыстық әмбебап кітапханасының оқу залында қоғам және мемлекет қайраткері Дінмұхаммед Ахметұлы Қонаевтың туғанына 105 жыл толу құрметіне арналған «Әлемге елін танытқан ер» тақырыбында кездесу кеші өтті.
Шараға ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, қоғам қайраткері Қайролла Ережепов, Ақтау қаласының алғашқы тұрғындарының бірі, тыл және еңбек ардагері Алпамыс Мусаұлы қонақ ретінде шақырылды.
Жиынға Қазақстан Халқы Ассамблеясы Маңғыстау облыстық филиалының «Қоғамдық келісім» үйінің этномәдени бірлестіктер бойынша жұмыс бөлімінің басшысы Самира Абдуллаева, осы бөлімнің әдіскерлері Айгүл Төреғалиева, Гүлнұр Кидибасова, ассамблея өкілі Насир Ашрафи, «Пахтакор» өзбек этномәдени бірлестігі өкілі Шахрилло Дехконов, «Ала-Тоо» қырғыз этномәдени бірлестігі басшысы орынбасары Мамытқадыр Нарқозиев, осы бірлестік өкілдері, облыстық ҚХА этномәдени бірлестігі жанындағы «Жас қанат» жастар ұйымының мүшелері Айлязат Газибекова, Ардақ Газибекова, «Ақтау ұйғырлары» ұйғыр этномәдени бірлестігі басшысы Әділжан Әлімжанов, №9 мектептің 10, 11 сынып оқушылары, БАҚ өкілдері мен кітапхана қызметкерлері қатысты.
Елу жыл ел басқарған қоғам қайраткері, ірі мемлекеттік тұлға Димаш Ахметұлының адамгершілік қадір-қасиеті мен асыл бейнесін жастарға үлгі ету, патриоттық сезімдерін ұштау мақсатында ұйымдастырылған кештің қонағы, Парасат орденінің иегері Қайролла Жеткізгенұлы жастарға ұзақ жылдар Қазақстан коммунистік партиясының І хатшысы қызметін атқарған Димаш Ахметұлымен кездесулері туралы тәлімді естеліктер айтты.
Ол ел басқарған жылдары кең байтақ қазақ жерінде 68 жұмысшылар кентімен қатар 43 қала пайда болды. Оның ішінде, өнеркәсіпті қалалар Рудный, Екібастұз, Теміртау, Кентау, Арқалық, Шевченко - қазіргі Ақтау да бар. Осы қаланың өркендеуіне үлес қосқан ардагер Х. Ережепов сөз кезегінде:
-Мен Димаш Ахметұлының Маңғыстауға 1972, 1978 жылдары келген сапары барысында жұмыс жағдайымен қасында жүрдім. Ақтаудың осындай қала болуына оның қосқан үлесі үлкен. Қазақ даласындағы қалалардың сәнді, адам өмір сүруіне жайлы болуына көп көңіл бөлді. Ақтау қаласы мен Өзбекстандағы Навои қаласының архитектуралық жобасын жасаған Ленинградтық сәулетшілер 1978 жылы мемлекеттік сыйлыққа ие болды. Тұрғындардың әлеуметтік тұрмыстық жағдайына да көңіл аударып, мұнайшылар табысының климаттық жер жағдайына байланысты көбеюіне көмектесті.
1991-1994 жылдары Қазақстан Республикасы Жоғары Кеңесі төрағасының орынбасары қызметінде болуыма байланысты 1993 жылы Димаш Ахметұлының жерлеу рәсімін атқарысуға қатысып, мемлекеттік комиссия мүшесі болдым. Сонда бір есте қалғаны бұрынғы басшымен қоштасуға халық өте көп жиналды. Көбі жылап тұрды. Бұл да өте қарапайым өмір сүріп, халықпен етене жақын болғанының бір айғағы ғой деп есептеймін»,-деді.
Кешке қатысушылар қонақтарға сұрақтар қойып, тілектерін айтысты. Айлязат Газибекова белгілі ақын Рафаэль Ниязбековтың «Димаш аға» арнау өлеңін оқып берді. Жиналғандар Д.А.Қонаевтың бұрын өзі тұрған пәтерінен ашылған Алматы қаласындағы мұражайын бейнетаспа арқылы тамашалады.
Шара барысында кешке қатысушыларды кітапханашы Р. Нағашыбаева Д. Қонаевтың өнегелі өмір жолына, қоғамдық қызметіне арналған «Ұлы тұлғаның өмірі халыққа өнеге» кітап көрмесімен таныстырып, әдіскер Н. Еңсегенова қонақтарға алғыс айтып, сый-кәде ұсынды
Үміт ЖӘЛЕКЕ