Осы жылдың 7 қаңтарынан бастап ҚР ІІМ-нің уақытша тіркеу туралы жаңа Заңы күшіне енді. Осыған орай, біз аудандағы жағдайды білмекке халыққа қызмет көрсету орталығына барған едік. Халықтың қарасы қалың. Орталыққа келіп-кетіп жатқан тұрғындардың уақытша тіркеуге тұрамын дегендері баршылық екен.
Алайда оның кейбіреулерінде үйіне келген туысын тіркеуге тұрғызуға қолбайлау мәселелер бар көрінеді. Яғни баспанасы бар, бірақ үйінің құжаты дайын емес. Соның салдарынан бір тұрғын алыстан келген жақыныма өзге жерден тіркелу орнын іздеуге мәжбүрмін дегенді алға тартты. Ал халыққа қызмет көрсету орталығы басшысының орынбасары Асылжан Шауеновтың сөзінше, жаңа заң шыққалы тіркеуге тұрушылар күрт көбейген. Орталық қызметкерлері бұрын күніне 50-ге жуық адамға қызмет көрсетсе, енді бұл сан 300-ден асқан. Тіркеумен айналысушы инспекторлардың да жұмысы қыза түскен.
— Қантардың 6-нан тіркелушілер саны бірден артты. Сол күні 343 адам келді. Оның 267-сі тұрақты , 76-сы уақытша тіркеуге тұрды. Заң шықпай тұрғанда тәулігіне 45-50-дің үстінде ғана тіркелуші келсе, қазір 3-4 есеге артты. 11 қаңтарға дейін мыңның үстіндегі адамды тіркеуге алдық. Мысалы қаңтардың 10-ында 370 адам қабылданса, соның 118-і уақытша тіркеу бойынша. Қазір оларға 4 инспектор 3 үстелден қызмет көрсетеді. Бұған дейін бұл жұмыспен тек 2 қызметкер айналысатын. Өызмет көрсетуді жақсарту мақсатында тағы 2 компьютерге сұраныс бердік,-дейді Асылжан Шауенов.
Уақытша тіркеуге тұру үшін 227 теңге мөлшерінде төлем төленетіні белгілі. Біз барған күні халыққа қызмет көрсету орталығында бұл үшін тек "Қазпоштаның" бір кассасы жұмыс жасап, екіншісі жабық тұрды. Мұны А.Шауенов жаңа нысанға көшірілген орталықтың бұрыңғы ғимаратындағы "Цесна банк" кассасының көшу процесі әлі аяқталмағанымен түсіндірді. "Қазпошта" кассасының жұмыс жасамау себебін аудандық филиал басшысы Қоблан Тәтібаевтан сұрадық.
Оның айтуынша, жаңа кассаның ашылуына орай, Қазпоштада жаңа штат бекітіліп, қызметкер өз орнына келіп, жұмысын қабылдап жатыр екен.
Сол күні түстен кейін екінші касса да өз жұмысын бастап кетті. "Мұнайлы" газетінің редакциясы жаңа Заңның жүзеге асуын бұдан былай жүйелі түрде бақылап отыратын болады.
Ш. Жұман