©
Былғары қолғап өнері өңір мәртебе-мерейін өсірер бірден-бір сала. Шоқыр Бөлтекұлы сынды біртуар тұлғаның ізбасарлары бүгінде дүбірлі додаларда жеңіс тұғырына көтеріліп, төрткүл дүниені тамсандырып жүр. Өңірде жас өрендер арасында бокс өнеріне деген аса қызығушылық байқалады. Ширақ әрі шымыр, қажыр-қайраты тасыған, қара күшке мығым, тастай төзімді, батыл бозбалалар былғары қолғапқа әуес боп өсуде. Былғары қолғап түйістіру машығын жетік меңгеріп, жеңіске жетіп жүрген жеткіншектер де жетерлік. Жуырда ғана Ақтөбе қаласында былғары қолғап шебері Гани Тулеуфтың 60 жас мерейтойына орай Республикалық турнир өтті.
Дүбірлі додаға еліміздің түкпір-түкпірінен 100-ден аса жас спортшы қатысты. Шаршы алаң шаңын қағып, күш-қайраты мен ерік-жігерін сарп еткен Маңғыстау өңірінің өрендері 100 медальды қоржынына салды. Жарас Қомшабаев (42 келі), Алмат Жетібаев (46 келі) және Жандос Ұлықпанов (54 келі) алтын жүлдені жеңіп алса, Райымбек Нуратдин (44 келі), Нұрбол Алпамысов (48 келі), Ержан Жанжігітов (63 келі), Бекетай Бұлабаев (80 келі) күмісті місе тұтты. Ал қола жүлде Қазыбек Жаңабергенов (42 келі), Атақоныс Амангелдиев (42 келі), Болатбек Хусайн (46 келі), Есентемір Өтеповқа (63 келі) бұйырды.
***
Ақмола облысы Красный Яр қаласында жасөсіпірмдер арасында КСРО халықаралық дәрежедегі спорт шебері Мереке Жүсіповтің құрметіне XV республикалық турнир өтіп, өз мәресіне жетті.
Төрт күнге созылған байрақты бәсекеде 200-ден аса спортсүйер жастар бақ сынасты. Тәжірибесі толымды, қарымына қайраты сай қазылар алқасы жас өрендердің қабілетін бағамдап, таланты мен табандылығын талқыға салды. Өңір беделін биіктетіп, мәртебесін марқайтқан жас былғары қолғап иелері 9 жүлдені жеңіп алды. Айдос Ұлықпанов (36 келі), Ербол Айнабаев (54 келі), Ақжол Сейтенов (70 келі) турнир жеңімпаздары атанып, Исатай Моқсатов (34 келі) күміс жүлдемен елге оралды. Ал Айтбек Досмуханбет (32 келі), Нуртилеу Бегалин (44 келі), Алтынбек Темиркасов (50 келі), Багдат Сарсенов (56 келі) и Диас Исатаев (60 келі) қоланы иемденді.
***
Ақтау қаласында 2005-2006 жылы туған жасөспірімдер арасында бокс бойынша облыстық турнир өтті.
Қалалар мен аудан орталықтарынан 100-ге жуық жас спортшылар қатысып, өзара бәсекеге түсті. Шарболаттай шыңдалған шымыр жастар 13 салмақ дәрежесі бойынша шаршы алаңда қолғап түйістірді. Әділ қазылар алқасы шешімі нәтижесінде бас жүлде Азамат Абдилакимов (24 келі), Саян Қуанышқалиев (28 келі), Безат Боранбай (28 келі), Жалғас Қайрбай (30 келі), Заманбек Оңғарбаев (30 келі), Мыңбек Убайдула (32 келі), Руслан Измаханов (32 келі), Бекзат Бердібай (34 келі), Аталғат Рахмет (34 келі), Рысбек Кайырғали (36 келі), Абылай Әділбек (38 келі), Геннадий Буторин (38 келі), Руслан Салихов (40 келі), Жасулан Нұрқабылов (42 келі), Нияз Саханов (44 келі), Нұрдәулет Нарбаев (46 келі), Темирлан Сулемен (52 келі), Қанат Тиллеқабыловқа (60 келі) бұйырды.
Голрох Жеменей