©
«Достық Үйі» мәжіліс залында Ардагерлер кеңесі өкілдері мен этномәдени бірлестіктер төрағалары қатысуымен «Медиация – бітімгершілік пен татуластықтың жолы» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.
«Медиация - тараптардың ерікті келісімі бойынша жүзеге асырылатын, олардың өзара қолайлы шешімге қол жеткізуі мақсатында медиатордың жәрдемдесуімен тараптар арасындағы дауды реттеу рәсімі. Медиация азаматтық, еңбекке қатысты, отбасылық және басқадай құқықтық қатынастарға байланысты, сондай-ақ ауырлығы шағын және орташа қылмыстық істер жөнінде туындаған дауларда қолданыла алады. Азаматтар, сондай-ақ заңды тұлғалар медиацияға белсенді түрде жүгінген жағдайда сот жүйелеріне түсетін ауыртпалықты айтарлықтай жеңілдетіп, соның арқасында анағұрлым ірі істердің шешілу сапасын арттыруға болады»,-дейді Маңғыстау облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі Гүлжан Исмурзина.
Қазақстанда «Медиация туралы» Заң 2011 жылдың 5 тамызында күшіне енді. Бұл заң ҚР медиацияны ұйымдастыру саласындағы қоғамдық қатынастарды реттейді, оны жүргізу қағидаттары мен рәсімін, сондай-ақ, медиатордың мәртебесін айқындайды.
Медиацияның басты мақсаты – қос тарапты бірдей қанағаттандыратын және дауласушылық деңгейін төмендететін өзара тиімді әрі өзара қолайлы, бейбіт келісімге келу. Сот өндірісінен айырмашылығы – медиация барысында «кінәлілер» мен «кінәсіздер» деген тараптар болмайды. Өйткені, бұл құқық саласы қылмыс жасаушылар қатарын бірыңғай бас бостандығынан айыру жолымен жазалауды емес, адам құқықтары мен бостандығын қорғауды және қалпына келтіруді көздейді. Басқаша айтқанда, медиация мүмкіндігіне қарай істі сотқа жеткізбеу мақсатын көздейді. Дауды шешуге медиаторға небәрі 30 күн уақыт беріледі. Белгілі бір себептермен бұл мерзім ұзартылуы да мүмкін, бірақ 60 күннен аспауы тиіс. Медиаторға жүгіну керек пе, жоқ па дегенді тараптар өзара келісіп шешеді. Мұндай жолмен мәселенің шешілуі мүмкін болмаған жағдайда олардың сотқа жүгіну құқығы сақталады. Медиаторлар екіге бөлінеді: олардың бірі медиация мәселесі бойынша арнайы білім алып, тәжірибе жинақтаған кәсіби медиаторлар, ал, екіншісі – кәсіби емес медиаторлар. Заңда атап көрсетілгендей, медиаторлықты таңдаған адам өз қызметін кәсіби де, кәсіби емес те негізде жүзеге асыра алады. Жоғары білімі бар, жасы 25-ке толған, Қазақстан Республикасы Медиаторлар одағынан арнайы оқудан өткен кез келген тұлға кәсіби медиатор бола алады. Ал кәсіби емес медиаторлықпен 40 жасқа толған, халық арасында беделді, адамгершілігі жоғары, ары кіршіксіз адамдардың айналысуына толық мүмкіндік бар.
Кездесу барысында облыстық соттың өкілі медиация бойынша атқарылып жатырған жұмыстар туралы баяндады. Сонымен қатар, өлкеміздегі қызмет атқарып жатқан кәсіби медиаторлар да осы бағыт бойынша өз ой пікірлерін ортаға салды. Шара соңында ардагерлер қауымы толғандырып жүрген мәселелер бойынша өз ойларын ортаға салып, қажетті жауаптар алды.
Голрох Жеменей Суреттерді түсірген Серік Майемеров