Елдің табысын еселеуде тер төгіп еңбек етіп жүрген мұнайшыларға қолайлы жағдай жасауды мақсат тұтқан «Маңғыстаумұнайгаз» акционерлік қоғамы Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы және Жаңа жыл мерекесінде үлкен сый жасады. Өткен сәрсенбіде қойнауы құтқа толы Қаламқаста жаңа наубайхана салтанатты түрде ашылып, мұнайшылар игілігіне тапсырылды.
Қаламқас кен орнында бой көтерген жаңа нысан кескін- келбетімен алыстан көз тартады. Наубайхананың ашылуына жиналған көңілдері шат, жүздері жарқын мұнайшылар «Құтты болсын!» айтып жатты. «Қаламқасмұнайгаз» өндірістік басқармасы басшысының әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасары Мұрат Батыршаев мұнайшыларды қуанышымен құттықтады:
– Бұрынғы қолданыстағы наубайхана ғимараты ескі әрі құрал-жабдықтары көне болатын. «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ тарапынан осы мәселе ескеріліп, қаржы бөлінді. Қараша айында салынып басталған құрастырмалы наубайхана озық үлгідегі технологиямен жабдықталған. Ескі наубайханада күніне 500 келі нан және тәтті тағамдар пісірілетін. Мұнда наубайханашылар тәулігіне 1 тоннадай нан және өзге де нан өнімдерін пісіруге мүмкіндігі бар. Бізге мерекеде осындай жаңа нысанды сыйға тартқан басшылығымызға, «Спецтехэнергоснаб» ЖШС-на алғысымызды білдіреміз. Баршаңызды Жаңа 2017 жылмен құттықтап, еңбектеріңізге табыс, отбасыларыңызға амандық, бақ-береке тілеймін!, – деді «Қаламқасмұнайгаз» өндірістік басқармасы басшысының әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасары Мұрат Батыршаев.
Мұнайшылар асыға күткен наубайхананың лентасы қиылып, жиналған қонақтар мен мұнайшылар ғимараттың ішін аралап көрді. «Қаламқасмұнайгаз» өндірістік басқармасының басшысы Нұрпейіс Сәрсенбаев: «Наубайхана мұнайшылардың игілігіне қызмет етсін!» деген тілегін білдірді. Кең, жарық та жайлы бөлмелердің іші озық үлгідегі құрал-жабдықтармен жасақталған. Бір ауысымда 6 наубайханашы еңбек етіп, 3000- ға жуық мұнайшыға нан өнімдерін пісіреді. Сметалық құны 36 млн.теңгені құрайтын ғимараттың ішінде нан пісіретін цех, ұнды, пісірілген тағамдарды сақтау және тазалық бөлмелері бар.
– Жаңа жылда жаңа нысанға көшіп, мәз-мейрам болып жатырмыз. Жұмысшыларға қолайлы жағдай жасалып, жұмысымыз жеңілденді. Бұрын қол еңбегімен атқарылатын жұмыстардың басымы енді техникалардың көмегімен жасалады. «Ас атасы– нан» демекші, мұнда астың, дәмнің үлкені пісіріледі. Жаңа жыл берекелі, мерекелі болсын! – деді бас технолог Фатима Мейірманова.
Наубайхана ашылғаннан соң, кешкісін кен орнындағы спорт нысанында мұнайшылар Жаңа жыл мерекесін тойлады. Кеште «Қаламқасмұнайгаз» өндірістік басқармасының басшысы Нұрпейіс Сәрсенбаев жылды табысты қорытындылаған мұнайшыларды мерекемен құттықтап, ақжарма лебізін білдірді. Жаңа жылдық арнаулы бағдарламамен келген әртістер мұнайшыларға мерекелік көңіл-күй сыйлап, көңілдерін көкке өрлетті. Мұнайшылар арқан тарту, кір тасын көтеру сынды ұлттық спорт ойындарынан сынға түсті. Қаламқасты ән мен жырға бөлеген кеште мұнайшылар әсем әннің толқуында би билеп, мерекелік көңіл - күй құшағында думандатты.
– «Қаламқасмұнайгаз» өндірістік басқармасында 2013 жылдан бері оператор болып жұмыс жасаймын. Кен орнының облыс орталығынан алыстығына қарамастан осында барлық мерекелер жоғары деңгейде аталып өтіледі. Биыл Жаңа жылды үйде отбасымызбен қарсы ала алмасақ та, осындай әсерлі кештің куәсі болып отырмыз. Биылғы жылды нәтижелі, жемісті еңбек тартуымен қорытындылап отырмыз. Келесі жылы да осы бағыттан танбай, ел байлығын елге несібе етуге жұмыстанамыз. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын! Жаңа жылда жаңа табыстарға қол жеткізейік! – деді «Қаламқасмұнайгаз» өндірістік басқармасы №2 мұнай-газ өндіру цехының операторы Алмас Иманбаев.
Осындай мерекелік шара Асар кен орнында да жалғасын тауып, мұнайшылар Жаңа жылдық кеште ертегі және мультфильм кейіпкерлерімен бірге би билеп, ән салды.
Фарида МҰҢАЛҚЫЗЫ Суреттерді түсірген Ербол АЙТБАЕВ