Жаңа жыл қарсаңында Маңғыстау облыстық «Іскер әйелдер қауымдастығы» мен оның қалалық және аудандық бөлімдері Қарақия ауданының орталығы Құрық кентінде бас қосты. Кәсіпкер әйелдердің бұл жиынында қауымдастықтың алдағы жоспары пысықталды және «Іскер әйелдер қауымдастығының» осы аудандағы бөлімшесі құрылып, оның төрайымы болып белгілі кәсіпкер, «Құрық ассорти» көкөніс цехының директоры Гүлжамал Бекбауова сайланды.
Жиналыстан кейін іскер қыз-келіншектер №9 мектепте мерекелік шара ұйымдастырды. Шыршаға жиналған балалар мен олардың ата-аналарын Қарақия ауданы әкімінің орынбасары Қыдырберді Беков, Маңғыстау облыстық «Іскер әйелдер қауымдастығы» облыстық мәслихаттың депутаты, Жаңаөзен сүт зауытының директоры Сәуле Жақаева құттықтап, мерекелік лебіздерін білдіріп, игі тілектерін жеткізді.
-Еліміздің Тәуелсіздігіне ширек ғарыс толған мерейтойымыз аталып өтілген 2016 жылы біздің облыстық қауымдастығымызға 20 жыл толды,-деді Сәуле Бердіханқызы.-25 жылдық аясындағы қайырымдылық шараларымызды біз Жаңаөзен қаласынан бастадық. мүжәлсіз отбасыладан 200 балаға үлкен шара өткізіп, сыйлықтар тараттық. Қазір әр ауданда төрайымдарымыз бар. Шетпе кентінде де 170 балаға сыйлық таратылды. Түпқараған және Қарақия аудандарында 150 баладан сыйлықтар тараттық. Бұл біздің балалардың көңілін көтерсек деген ниетімізден туындаған шаралар.
Ертеңіне кәсіпкер әйелдер Мұнайлы ауданындағы аз қамтылған отбасылар балаларына арналған шаралар өткізіп, сыйлықтар ұсынды. Осылайша, өңіріміздің іскер әйелдері барлығы 1000 балаға сыйлықтар тарту етіп, қамқорлық көрсетті.
Валентина ҚОЗЫБАҚОВА