Тарихымыз тереңдеген сайын әрбір оқиға аңызға айналып, тамылжыта айтып, тамсана тыңдаушылар көбейеді. Әсіресе махаббат пен сағынышқа толы ғашықтар туралы оқиғаларды таланттылар шығарма қып жазып, кітап басып шығарып та үлгерген.
Менің бүгінде айтпағым Маңғыстау өңірінде орын алған, халыққа әр түрлі нұсқамен кең таралған ғашықтар әңгімесі. «Ақбөбек-Қайып» оқиғасы шамамен 1885-90 жылдар аралығында болған. Ақбөбек сол кезде 17-18 дегі жас кыз екен. Ал Қайып отыздардағы сақа жігіт болған көрінеді. Ол 1857 жылы өмірге келіп, 1918 жылы қайтыс болған деп айтылады. Қайып Адайдың тобыш руынан, оның бегейінің малайы. Ал Ақбөбек бәйімбеттің мамыртайы.
Мен «Ақбөбек-Қайып» әңгімесін әкемнің өз аузынан естідім. Әкем Ауданбайұлы Шынжырбек 1902 жылы туылған. Ал кәрі әкем 1880 жылы, кәрі әкемнің әкесі Аманбай 1857 жылы туылған. Яғни Қайыппен замандас, 1924 жылы Сисем атаға жерленген. Біз Кедей Жеменей руынанбыз. Аманбай атамыз өлгенде, яғни 1924 жылы әкем 22 жастағы жігіт болған. Мұны айтып отырған себебім әкем «Ақбөбек-Қайып» оқиғасын Аманбайдың өз аузынан естіген. Аманбай атамыз «Ақбөбек-Қайып» оқиғасына араласқан, ақ патшаның кезінде сауатты адамдардың бірі болған. Қолына күміс сапты мөр ұстаған, ауылнай боп қызмет атқарған беделді адам болған. Ал әкем домбырашы еді, домбыраны өзі қолдан жасап, қоңыр дауысымен өлең айтып, күй тартатын. Әсіресе Қайыптың әндерін нақышына келтіріп айтушы еді. Тіпті жеті Қайқының, беріш Аманғалидың әндерін салатын.
Сонымен оқиғаға оралсақ:
Кедей Итбай деген атамыз баласы Есбергенге мамыртай руынан Есжан деген байдың қызы Ақбөбекке құда түсіп, қалың малын төлеп қояды. Содан Есжан бай қызын ұзатуға дайындалып, жасау, Ақбөбекке көксауыр шоңқайма етік тігетін етікші іздеп Фортқа келеді. Форт дегеніміз-қазіргі Форт Шевченко. Маңғыстаудың сол кездегі кемемен астық, тауар келіп тұрған қаласы. Қала деген атауы болмаса, қазіргіше айтқанда поселек. Сол жерден етік тігіп отырған Қайыпты кездестіріп, онымен ұзатылатын қызына етік тігуге келісіп ауылына алып келеді. Кайып Есжан байдың ауылына келіп, етік тігуге кіріседі. Бірақ қызбен кездескеннен кейін етіктің тігілуі ұзаққа созылады. Қайыптың Ақбөбекпен оңаша қалуы жиілеиді.
Үлкендердің айтуы бойынша Қайып сол кездегі адайлардың атақты әншісі болған екен. Әнді өзі шығарып, өзі айтқан. Сол мезгіл жаз айының аяқ кезі болуы керек Қайып кешке қарай сыртқа шығып, ауылдың қыз-келіншек, жастарын, әйелдерін жинап алып, ән салады. Сөйтіп жүргенде күз түсіп, байдың қыстауға көшетін уақыты болады. Бір күні таңертең кедейдің айттырулы қалыңдығы Ақбөбек те, етікші Қайып та жоқ болып кетеді. Есжан бай сол кезде құдайдың атқанын бір-ақ біледі. Қыздың артынан қууға өзінің шамасы келмегендіктен, кедей ауылына суыт хабар жібереді. Ол кезде Маңғыстауда қазан айында қар жауып, жерді аппақ қар басып қалады екен. Қардың қалың болатыны соншалық, аққала соғып малға қардан үйіп қора жасайтын көрінеді. Сол жауған қар наурыз туа еріп, жер ерте көктей бастайды. Халық наурыз айы туған соң жайлауға қырға көше бастайтын. Өйткені Адайдың малы Маңғыстаудың ойына сыймағандықтан, Маңғыстаудың байлары Жемнен өтіп, Ойыл, Сағыз, қазіргі Ақтөбе облысының жеріне жаз жайлаған, көктем шығысымен ертерек қырға көшуге қамданатын болған көрінеді.
Осылайша Есжан бай мен Итбайдың ауылының арасы қашық болғандықтан, хабар жеткенше бір-екі апта өтіп кетеді де, сол мезгілде жерді қалың қар басып қалады. Қайыптың ауылы сонау Самның құмында, ал кедей Итбайдың ауылы Маңғыстаудың ойында. Екі ауылдың арасы кемінде 500 шақырым. Кедейлер қыста қуғыншы боп бара алмай көктемнің шығуын күтеді. Кедей ауылы күйлі, қажарлы ауыл болған екен. Ермекбай атамыз түрікпенге шапқан адайдың батырларының ішінде болған. Ол туралы «Ер Қармыс» жырында:
Сонда Төлеп сөйледі, Сөйлегенде бүй деді: Қуғыншының ішінде Әнеттің ұлы Төлеп бар, Белгілі ерден Бегей бар, Жүйрік атты кедей бар, Бексауытты Жанақ бар, Қойсары мен Қонай бар, Он бес жасар Шабай бар, Шабай түгілі талай бар. Жүйрік атты кедей — осы Ермекбай атамыз екен. Ал Ақбөбек осы ауылдың айттырулы қалыңдығы. Сонымен кедей ауылынан Ақбөбектің артынан көктем шыға қуғыншы шығады. Самның Жарқұдық деген жерінде бегей ауылы отыр екен. Кедейлер келе жатыр дегенді естіген болуы керек, ауылда ер адам қалмапты. Қой қоздап, мал төлдеп жатқан кез екен. Ауылдың әйелдері бір отар қойды көгендеп, сауып жатады. Үй-үйді аралап, қуғыншылар Ақбөбекті таба алмапты. Бастап барған Естұр атамызда қайқы қылыш болыпты. Қылышымен қой қосақты әр жерінен шауып жібергенде, қой бытырай қашыпты. Ақбөбек шешеміз сол кезде бешпентімен бүркеніп қойдың ортасында тығылып жатыр екен дейді. Өйткені Ақбөбек кішкентайлау қісі болған екен. Қазіргі уақытта осы оқиға туралы жазғыштар Қайыптың әкесі Қорабайды сабапты, анау болыпты, мынау болыпты деп ойдан шығарған әңгімелер қосып жүр. Ал шын мәнінде олай емес. Сонымен кедейлер іздеп барған қалыңдығын ауылға алып келеді. Сол кезде Ақбөбек шешеміз Қайыптан алты-жеті айлық шала қыз босанған екен. Қазақ халқы шала босанған баланы тымаққа салып өсірген ғой. Бұл баланы да солай тымаққа орап, дорбаға салып, босағаға іліп қойыпты, бірақ баланың өмірі ұзақ болмай шетінеп кеткен екен.
Ақбөбекті еліне алып келгеннен кейін арада бір жыл өтіп, келесі жаз айында ауылда Қайып жүр деген сыбыс естіледі. Бірақ бұған кедей ауылы онша мән бермейді. Өйткені Ақбөбек күйеуі Есбергеннен аяғы ауырлап, айы күні жетіп отырған екен. Содан бір күні Қайып екінші рет ғашығын тағы алып қашып кетеді. Қазақ халқы үшін айттырулы қалыңдығынан айырылу, жесір дауы, жер дауы бүкіл елдің сүйегіне түскен таңба болып саналады. Сондықтан мұндай суыт хабарды естіген кедейлер тағы атқа қонады. Естұр, Аманбай аталарымыз бар бес-алты адам болып қуғыншы шығады. Кейін Ақбөбек анамыздан:
— Неге қашасың?- деп сұрағанда,
— Мені не қыласың? Боларым болды, бояуым сіңді, отырысым мынау деп едім, Қайып қоймады,-деген екен. Әрине, қыздың бетін кім ашса, сол ыстық деген сөз бар емес па қазақта.
Сонымен Қайып жанындағы жолдасымен, жетегіндегі атына Ақбөбекті мінгізіп, қазіргі Сенек жеріне қарай қашқан көрінеді. Кедейлер Сұмса деген жерге дейін суыт жеткен. Аттарының бәрі жарау, өңкей жорыққа мінетін аттар. Жолда ауыл-ауылдан сұраса ешкім білмейді. Содан Сұмсаның құдығының басында аттарын қаңтарып қойып күтіп жатып, Қайыпты қуғыншылар қолдарына түсіріпті. Жаз мезгілі ат шөлдеп, адам шөлдейтін кез. Қайыптар құдықтардың тұсымен жүріп отырған ғой. Ғашықтар аяң жүріспен құдыққа жақындағанда, қуғыншылар аттарына міне сап, тап берген. Аяқ астынан шыға келген қуғыншыларды көрген Қайып бір жаққа, жолдасы бір жаққа қашыпты. Ақбөбек айы күні жетіп отырғасын қаша алмай, қолға түсіпті. Қуғыншылар Қайыптың соңынан қуа жөнелгенде Қайып қолындағы мылтығымен қолтығының астынан ата бастағанда мылтық дауысын естіген қуғыншылардың бір-екеуі тоқтап қалыпты. Естұр жалғыз өзі қуып барып, Қайыпты ұстап, қолын байлап, дойырмен сабап, алып келіпті. Әкем Естұрды көрген адам. Естұр тілін тістеп сөйлетін кісі еді дейді, бірақ ешкім оған сақау деп айтпайтын. Қазір Естұрдың немерелері бар, тілдері шүлжің.
Бұл сапарда олар Қайып пен Ақбөбекті ауылға алып келеді. Әкемнің айтуынша Қайыпты ауылға алып келген соң, бір жар күн ұстап, шиге орап сабап, астындағы атымен бірге Қайыпты босатып жіберіпті. Қайып бірнеше күн бойы ауылдың сыртында Ақбөбекке арнаған зарлы әндерін айтып жүрген екен дейді. Қайып бірнеше күн бойы аш жүруі мүмкін емес қой, айналадағы кедейі бар, басқасы бар ас су берген ғой. Тіптен кедейдің кейбір шалдары Ақбөбекті Қайыпқа беріп жіберсек қайтеді дегенде, оған Итбай, Естұр, Аманбай сияқты басшылары келіспейді. Біріншіден Ақбөбектің Есбергеннен ішінде баласы бар, екіншіден қалыңдығын беріп жіберсе, бүкіл адайға күлкі болады. Содан бұл оқиға бес-алты айға созылып, Фортқа, яғни уезге барып соттасуымен аяқталып, Қайып пен Ақбөбек оқиғасына, ғашықтар махаббатына нүкте қойылады. Жоғарыда айтып өткенімдей бұл оқиға туралы адамдар бір бірінен асырып, болмаған әңгімені қосып айтып, тіпті бірқатары кітап кылып та жазып жүр. Ал мен бұл әңгімені әкемнен, әкемнен де үлкен шалдардың өз аузынан жас кезімнен естіп келе жатырмын. Сондықтан мен кедейге де, бегейге де бұрмай, оқиға қалай болды, солай, бұрмаламай, болашақ ұрпаққа жеткізушімін.
Қайыптың бұл ісін бүкіл бегей ағайындары қолдамайды. Ол заманда адай түгілі қазақта біреудің қалыңдығын, жесірін алып қашу үлкен қылмыс болып саналады. Ағайындарына ренжіген Қайып Шағадам, яғни Түрікменстан жаққа қарай кетеді. Сол жақта үйленген, бірақ ол жерде көп тұрмаған. Хорезм, Бесқалаға қарай барған. Ол жерде де көп аялдамай, Тәжікстан жаққа қарай кеткен. Себебі ол жақта сол кездің өзінде ақ патшаның саясатына қарсы соғысып, Маңғыстауда ұсталатын болғандықтан адайдың бірқатар ержүрек батырлары барып қоныстанған. Қайып Тәжікстанға барған соң тағы үйленген дейді, бұл ХХ ғасырдың бас кезі болуы керек. Қазіргі кезде кейінгі алған әйелінен болған ұрпақтары Тәжікстанның Қорғантөбе жерінде және Шымкент облысының Шардара ауданында тұрады дейді.
Ақбөбек шешеміз де елден ерек аса сұлу кісі болмаған. Ақсары өңді, дөңгелек жүзді адам еді деп әкем айтып отыратын. Есберген атамыз Ақбөбекпен 1930 жылдары Иран ауып кетеді. Екеуі де сол жаққа барған соң жаман судан уланып қайтыс болады. Әбілше ағамыз Ақбөбектің немересі, яғни Күзембайдың баласы жасынан аяғы ақсақ болған. 1922 жылы Ақбөбектің ағалары Есқуат пен Дүйсенді түрікмен шапқанда, Ақбөбек шешеміз немересін ертіп төркіндеп барып жатқан. Әбілше сонда жүгіріп жүрген бес-алты жасар бала екен. Таң қараңғысында аттың астында қалып, аяғын ат басып сындырып кеткен.
1957 жылы Әбілше Ираннан шекараны бұзып өтіп Маңғыстауға келген. Көп жылдар бойы өзінің туған жерінде колхозда, совхозда мал баққан. Қазір Маңғыстауда ұрпақтары бар.
«Ақбөбек пен Қайып» оқиғасы, 100 жылдан аса уақыт бойы ұмытылмай, ел аузында айтылып келе жатқан Қайыптың ерекше әншілігі мен ақындығы, оның Ақбөбекке деген сағыныш пен махаббатқа толы лирикалық әндері әлі талай жылдарға, ғасырларға жетуі мүмкін.
Көмек ШЫНЖЫРБЕКОВ, Шетпе