Ел Тәуелсіздігінің 25, Шетпе селосының 50 жылдығымен тұспа-тұс келген Маңғыстау аудандық «Жаңа өмір» газетінің 75 жылдық мерейтойы сән-салтанатымен тойланды. Беделі биік басылымның тойы толассыз құттықтау лебіздер мен игі тілектерге, сый-құрметке толы болды. Маңғыстау ауданының әкімі Жармағанбет Айтуаров, оның орынбасарлары, аудандық мәслихат хатшысы Абзал Сарбалаев, «Маңғыстау- Медиа» ЖШС директоры Дархан Уәлиханов, газеттің әр жылдардағы редакторлары, белгілі қаламгерлер, штаттан тыс тілшілер, белсенді оқырмандар, мемлекеттік мекеме басшылары салтанатты кештің сыйлы қонағы болды.
Шетпедегі «Асқар тау» мейрамханасында өткен мерекеге жиналғандар басылымның өткен тарихы, қалыптасу жылдары, кешегісі мен бүгіні, еселі еңбек еткен, қаламы қарымды журналистердің суреттері мен жұмыс сәттерінен көріністер бейнеленген ескерткіш тақтаны тамашалады. Жетпіс бестің биігіне шыққан газеттің мерейтойына ақжарма тілегімен келген аудан әкімі Жармағанбет Айтуаров:
– Құрметті ағалар, қадірлі қонақтар! Төл газетіміздің мерейтойымен құттықтаймын! Облыс баспасөзінің қарашаңырағы атанған «Жаңа өмір» газеті өзінің өсу, өркендеу жолында ауданның тыныс-тіршілігінен, тарихынан, әлеуметтік жағдайынан, әртүрлі салалардағы жетістіктер мен жаңалықтардан жұртшылықты хабардар етіп, халықтың мұңын мұңдап, жоғын жоқтады. Журналистік қалым қарымымен қалың оқырманға танылған талай азаматтың ұстаханасы болған, шығармашылық еңбектерін шыңдаған газетте ауданның шежіресі жазылды. Алдағы уақытта да газет ұжымы мазмұнды мақалаларымен, айшықты ақпараттарымен оқырмандарын қуантады деп сенемін.Тәуелсіздік күнімен және Жаңа жыл мерекесімен құттықтай отырып, еңбектеріңізге табыс, отбасыларыңызға амандық, бақ- береке тілеймін!» деген Жармағанбет Қайырмағанбетұлы көпшілік алдында облыс әкімі Алик Айдарбаевтың құттықтау хатын оқып берді.
Салтанатты сәтте аудан әкімі Жармағанбет Айтуаров 75 жасқа толған «Жаңа өмір» газетінің қалыптасуына, қиын кезеңдерде аяғынан тік тұрып кетуіне еңбек сіңірген Терекбай Жаңбыршыұлын, Жалғас Жапақовты, Әди Бердіғұловты, Күбірбай Ұзақбайды, Әзірбайжан Қонарбаевты марапаттап, 9 томдық Адай шежіресі кітабын табыстады. Сондай-ақ аудан баспасөзінің дамуына қосқан зор үлесі үшін Хадис Қорабаев, облыстық қоғамдық- саяси «Маңғыстау» газетінің тілшісі Фарида Мұңалқызы, Раушан Деменова және газеттің тұрақты оқырманы Күнімкүл Саржанова марапатталып, естелік сыйлықтарға ие болды.
Облыстағы бірнеше басылымның басын біріктірген «Маңғыстау- Медиа» ЖШС директоры Дархан Уәлиханов «Жаңа өмірдің» белеске биіктеуіне, өркенінің өсуі жолында еңбек еткен ардагерлерге алғыс айтып, басылымда байырғы қаламгерлердің ізін басқан жаңа толқын жастарға шығармашылық табыс тіледі. Салтанатты жиында өлке баспасөзінің дамуына үлес қосқан «Жаңа өмір» газетінің жанашырлары Бірғали Байекеев, Сәнімгүл Қайымова, Ғалия Ордабаева, Әзиза Ауданбаева, Маржан Дуланова, Светлана Қалиева, Хасан Әнетов, Бекайдар Қапашев және Аллаберген Қонарбаев Алғыс хатпен марапатталып, естелік сыйлықтар табысталды. Жүрекжарды лебіздерге үн қосқан облыстық ішкі саясат басқармасының маманы Жұлдыз Тоқбаева тарих көшімен бірге ғасырдың үнін бүгінге жеткізіп келе жатқан «Жаңа өмір» газетінің ғұмырлы болуын тілеп, редакция ұжымына сый- сияпат жасады. Өңірдің, халықтың үнін жеткізіп, зор жауапкершілікті көтеріп отырған аудандық басылымның абырой- беделін асырып, мерейлі мерекесіне ортақтаса келген бұрынғы редакторлар сөз сөйледі.
– «Жаңа өмірге» 75 жыл дейміз. Маңғыстау аудандық алғашқы газет «Колхоз жолы» деген атпен 1931 жылы жарыққа шықты. Одан кейін «Ленин жолы» деген атпен шығарылды. Кейін газет жабылып, қайта шыға бастады. 47 жыл еңбек жолымның 32 жылын аудандық газетте, 15 жылын партиялық қызметте өткіздім.Сондықтан да газеттің жағдайын,тыныс- тіршілігін жақсы білемін. Бірнеше редактормен, қаламгерлермен жұмыстас болдым. Аудандық газет үгітші, насихатшы, ұйымдастырушы, елдің тарихын жеткізуші ғана емес, ел басқарған азаматтарды, Маңғыстаудың мықты кадрларын дайындады. Қиын сәттерде ауданға ұран тастап, мәселе көтеріп, сессияда қарап, газетті ұстап қалдық. Сондай қиын кезді бастан өткерген газетті тоқшылық заманда деңгейін түсіруге болмайды. Елдің тарихы болашақ ұрпаққа керек емес пе? Ауданның тарихы аудандық газетте ғана. Радио, телеарнада көрсетілген нәрсе емес, газетте жазылып қалған тарих қана қолда қалады, – деді Терекбай Жаңбыршыұлы.
«Жаңа өмірдің» өмірі ұзақ болсын!» деген газеттің 1984-1987 жылдардағы редакторы Жалғас Жапақов апталық газетті аптасына 2 рет шығару, тиражын көбейту жөнінде ұсыныс білдіріп, газет ұжымына шығармашылық табыс тіледі. Құттықтау сөз сөйлеген бұрынғы редактор Күбірбай Ұзақбай басшылық пен газет жанашырлары газеттің деңгейін көтеруге қызметтену қажеттігін қаперге салды. Әнмен, жырмен өрілген мерейтой салтанаты ақжарма тілектер мен сый-сияпатқа толы мерейлі сәттердің қуанышымен көріктендірілді. Газеттің қуанышына ортақтаста келген белгілі журналистер Қожа Ахмет Демеуберген, Бірғали Байекеев, Ерекен Қорабаев өздері түлеп ұшып, қанат қаққан ортада өткен күндердің естелігін еске түсірді.
Мерейлі кеш Маңғыстау аудандық өнер мектебінің өнерлі балаларының орындауындағы күмбірлеген күймен, әсем әуенмен әрленді. Қадірлі қонақтар арасында 75 жылдық қалыптасу, даму, өркендеу тарихында сан белестерді бастан өткеріп, талай журналистің қаламын ұштап, арманына қанат бітірген басылымға қатысты сұрақтар қойылып, жеңімпаздарға естелік сыйлықтар табысталды. Газеттің қуанышына ортақтасып келген аудандық бөлім, мекеме басшылары міндет пен жауапкершілік жүгін арқалаған ұжым алдағы уақытта қалың бұқараның сенімінің үдесінен шығатынына тілектестік білдіріп, редакция қызметкерлерінің еңбегіне табыс тіледі. Салтанатты сәтте «Жаңа өмір» газетінің редакторы Лаура Тындырғанова «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалының Алғыс хатымен марапатталды. Ізгі тілектердің легін жалғаған газеттің бұрынғы тілшілері мен фототілшілері ыстық ықыластарын білдіріп, естелік сыйлықтарын тарту етті.
Мерейлі мереке түйіні ардагерлер мен орта буынның, жас мамандардың естелік суретке түсуімен аяқталды.
Фарида МҰҢАЛҚЫЗЫ Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН