©
23 шағынаудандағы «Масат» базарынан өрт шығу туралы ақпарат Маңғыстау облыстық Төтенше жағдайлар департаментіне Астана уақыты бойынша сағат 19.32-де келіп түсті. Сағат 19.33-те оқиға орнына өрт сөндіру бөлімшелері жөнелтілді.
Өрт болған жерге сағат 19.36-да бірінші болып жеткен өрт сөндіру бөлімшесі 500 шаршы метрге жуық алаңда ашық өрт орын алғанын анықтады. Өрт сөндіру жұмыстарын тиімді орындау үшін және көрші орналасқан контейнерлер мен сауда сөрелерін өрттен қорғау үшін жедел штаб құрылып, өрт сөндіретін үш орын белгіленген. Өрт сағат 21.23-те тоқтатылып, 22.00-де толықтай жойылды.
Өрт сөндіру жұмысына гарнизонның жеке құрамынан 137 қызметкер, 11 негізгі және 8 арнайы өрт сөндіру техникасы жұмылдырылды. Барлығы 16 дана контейнер мен 120 сауда сөресі өртке оранған. Қаза тапқандар мен зардап шеккендер жоқ. Базар қызметкерлерінен 4 адам сыртқа шығарылды.
Маңғыстау облысы әкімдігінің баспасөз қызметі
Суреттерді түсірген Серік МАЙЕМЕРОВ