© Фото Айсұлу Дүтбаеваның facebook парақшасынан алынды
21 мамырда Ақтау халықаралық әуежайында намаз оқитын зал ашылды, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Бұған дейін осы мәселені «Маңғыстау Медиа» ЖШС директоры Айсұлу Дүтбаева көтерген болатын. Бұл туралы ол 17 сәуірде facebook-тегі парақшасында:
«Біз тазалық пен тақуалық туралы әңгімелер айтқанда жақсымыз, ал нағыз іске келгенде басымызды бұғып, ештеңе білмеген, көрмегендей болып жүре береміз. Ұят қайда, намыс қайда? Қараңдаршы, намаз оқимын деген азаматтар әрбір бұрышқа тығылып, айналасындағы адамдардан сөз естіп жүр. Еліміздің бір әуежайында болса да намаз оқитын орын көрмеппін. Қазақстандай зайырлы мемлекетте, толеранттық ұстанымы бар қоғамда 70 пайыздай тұрғыны ислам дінін қабылдаған елде жағдай жасамау деген масқара. Азаматтық авиация төрағасынан адамдарды масқараламауын сұраймын!» - деп жазған болатын.
Айсұлу Дүтбаева өзінің желідегі үндеуімен қоғамдық резонанс тудырып, көпшілігі онымен келісіп, көтерілген мәселені шешуге көмек сұрады.
«Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қажетті құжаттар жасқталғаннан кейін әуежай ғимаратының бірінші қабатында намаз оқитын орын ашылды. Қазір намаз оқуға арналған бөлме тәулік бойы жұмыс істейді», – деп хабарлады Ақтау халықаралық әуежайының баспасөз қызметі.
Мейіржан Тұманов