Жаңаөзенде тәуелсіздіктің 30 жылдығы аясында мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған балаларды оңалту орталығы ашылады, деп хабарлайды mangystaumedia.kz облыстың қоғамдық коммуникация орталығына сілтеме жасап.
Орталықтың ашылуына «Өзенмұнайгаз» мекемесінің қызметкерлері атсалысып, ай сайынғы жалақыларынан қаржы бөлген.
Заманауи қондырғылармен қамтамасыз етілген орталықта сәулелі терапия, магнит, ультрадыбыстық аппарат түрлері қамтылған 11 арнайы кабинет бар. Мұнда арнайы білім бар мамандар жұмыс істейді.
Өткен жылы «Мұнайшы қамқоры» және «Samruk-Kazynа Trust» дамыту қоры қайырымдылық жасау бағытында екіжақты келісімшартқа қол қойған. Нәтижесінде оңалту орталығын құрал-жабдықпен қамтып, білікті мамандарды жұмысқа орналастыруға мүмкіндік туды.
Енді Нұр-Сұлтан қаласына қатынап жүрген бүлдіршіндер Жаңаөзендегі орталыққа барып ем-дом алады.
«Баламның 3 жасында аутизм бар екенін білдік. Барлық елге барып келдік. Өз жерімізде болғаны әрине жақсы. Енді осы жерге келіп қаралатын боламыз. Пайдасы бар, баламен көп жұмыстану керек. Әлі де көп мамандар керек», - деді Фариза Шортанова.
«Қуанышты хабар естіп жатырмыз. Оңалту орталығы ашылып жатыр екен. Рахмет, алғысым шексіз. Балам туылғалы сал ауры бар топта. Қолдау білдіріп, демеушілік көрсеткен "ӨзенМұнайгаз" АҚ үлкен рахмет. Астанадағы оңалту орталығына барып келдік. Балам ештеңені білмейтін, ештеңге де мән бермейтін еді. Осында жақсы мамандар келсе, жақсы жұмыстар атқарылып, балдарға көмегі тисе деген үміттемін», - деді Бекжан Чалаев.
Жаңаөзенде психоневрологиялық ауытқуы бар, тірек қимыл аппараты бұзылған, сал ауруымен ауыратын 1 032 бала тіркелген.
Суреттерді түсірген Талант Құсайын