Шағын және орта бизнесті дамытпай ел экономикасын дамыту және әртараптандыру, тұрғындарды жаппай жұмыспен қамтып, әл-ауқатын жақсарту қиын екенін өмірдің өзі көрсетіп отыр. Әсіресе, қазіргідей әлемдік нарықтағы мұнай бағасының құлдырауына байланысты ел экономикасының дағдарысқа ұшырауы, бір ғана шикізат саудасымен іс ілгерілемейтінін анық көрсетіп берді. Демек, республикалық көрсеткіш бойынша ортадан төменгі орындарда жайғасқан өлкемізде кәсіпкерлікке кең өріс ашуды құр ұрандатумен емес, өз ісін ашқан және бизнесін дамытуға талаптанған әрбір азаматты жан-жақты қолдап, барлық жағдайын жасаумен тиянақты іске асыру керек.
«Нұр Отан» партиясы Маңғыстау облыстық филиалы жанындағы Кәсіпкерлікті қолдау жөніндегі қоғамдық кеңестің кезекті отырысында осы маңызды мәселе талқыланған тақырып өзегіне айналды. Партия филиалы жетекшісі, қоғамдық кеңес мүшелері, облыстық мәслихат депутаттары, кәсіпкерлікті қолдау қорлары мен ұйымдары басшылары, БАҚ өкілдері қатысқан басқосуда облыс әкімінің орынбасары Ш. Ильмуханбетованың шағын және орта бизнесті дамыту жөніндегі баяндамасы тыңдалды.
Шағын және орта бизнесті дамыту мәселелері еліміз үшін аса маңызды. Өйткені жеке кәсіпкерлік саласы жаңа жұмыс орындарының көзі болып табылады. Облыста «Бизнестің жол картасы – 2020» кәсіпкерлікті қолдау және дамытудың бірыңғай бағдарламасы, «Жұмыспен қамту жол картасы – 2020» бағдарламасы және туристік саладағы шағын және орта бизнес субъектілерін қаржыландырудың аймақтық бағдарламасы белсенді жүзеге асырылуда.
- Ағымдағы жылы «Бизнестің жол картасы – 2020» кәсіпкерлікті қолдау және дамытудың бірыңғай бағдарламасы аясында 3 946,7 миллион теңгенің 112 жобасы мақұлданған. Шағын және орта бизнесті микронесиелеудің барлық бағдарламалары бойынша жалпы сомасы 416,2 миллион теңгеге 123 микронесие берілді және 231 жаңа жұмыс орындары ашылды. Соның ішінде жұмыспен қамту бағдарламасының екінші бағыты бойынша «Ауылшаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ Маңғыстау филиалы 282 миллион теңгеге 95 микронесие берді және 159 жаңа жұмыс орындары ашылды, - деді облыс әкімінің орынбасары.
Қоғамдық кеңестің төрағасы, облыстық мәслихаттың депутаты С.Мусабаев және кеңес мүшелері, облыстық мәслихат депутаттары Аббат Өрісбаев, Абзал Меңдібаев, Оспан Қазақбаев, Атқосшы Кетебаев кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі өзекті мәселелерді қозғады. Соның ішінде «Сыбаға» бағдарламасына түйе шаруашылығын дамытуға арналған «Аруана» бағдарламасын енгізу, аймақтағы туризм саласын дамытуға ықпал ететін кәсіпкерлікті қаржылай қолдау көлемін арттыру және қаражатты бір ғана жобаға тікелей бөлмей, кәсіпкерлердің шығындарын өтейтін субсидия ретінде бірнеше жобаны іске асырушыларға бөліп беру, ауылдағы кәсіпкерлердің банкке кепілдеме қою мәселесін жеңілдету, әзірге атына заты сай болмай тұрған бизнес-инкубаторлардың жұмысын жандандыру, жер учаскесін алудағы қисынсыз кедергілерді жою, ауыл шаруашылығы мен азық-түлік өнімдерін өндірушілерді нақтылы қолдау, несиелер бойынша «нөлдік ставка» енгізу, бұрын қолға алынған жобалардың іске асырылуын бақылау т.б. мәселелер айтылып, ұсыныстар жасалды.
«Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының Маңғыстау облысы бойынша аймақтық филиалы директоры Берік Нұрғалиев шағын және орта кәсіпкерлікті қолдау және жеңілдікпен несиелеу бағдарламаларының жүзеге асырылуы жөнінде айтса, Маңғыстау облысы Кәсіпкерлер палатасы директоры Олжас Қаржауов кәсіпкерлік секторын дамыту, кәсіпкерлік саласына қатысты мемлекеттік саясатты құруда және жүзеге асыруда бизнес өкілдерінің мүдделерін ескеру үшін институтционалдық мүмкіндіктер жасау, аймақтық бизнес өкілдері мен жергілікті әкімшіліктер арасындағы өзара тиімді байланыс тетіктерін жетілдіру жайында тоқталды. Өңірлік кәсіпкерлер палатасы директорының құқықтық мәселелер жөніндегі орынбасары Әмірғали Жанаев палата алаңынан кәсіпкерлерге құқықтық қолдау көрсету мақсатында «прокурорлар кабинеті» жұмыс істей бастағанын және онда ардагер прокурорлар қабылдау жүргізетіндігін жаңалық ретінде жеткізді.
- Шағын және орта бизнес дағдарыс кезеңінде әлсіз, сонымен қатар тез оңтайланғыш, қайта құруға бейім болады. Кәсіпкерлер өз кәсіптерін қажетті бағытқа қайта құра алады, - деді сөз ретінде облыс әкімінің орынбасары Ш.Ильмухамбетова.
Қоғамдық кеңесте облыс тұрғындарының кәсіпкерлікпен айналысуға ынтасы артқандығы айтылды. Осыған байланысты, бүгінгі таңда Маңғыстау облысының әкімдігі шағын және орта бизнеске қаржылай қолдау көрсетудің барлық мүмкіндіктерін қарастыруда. Соның ішінде облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы Б.Тұяқов «Сыбаға» бағдарламасына түйе өсіруді қолдау бағдарламасын енгізу бойынша ұсыныстар тиісті орындарға жолданып, қаралып жатқандығын айтты. Кәсіпкерлерге несие беру бойынша белсенділік көрсетіп отырған екінші деңгейлі банктердің қатарында Сбербанк, Центркредит, Халық банкі сияқты қаржы ұйымдары аталды. Инвестициялар тарту бағытында банктермен қатар халықаралық қаржы ұйымдарының, БЖЗҚ (Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры) қаржысын пайдалану арқылы кәсіпкерлікті өрістетуге серпін беру көзделіп отырғандығы тілге тиек етілді. Аймақты дамыту картасы бойынша жұмыстарды жандандыру мақсатында алдағы қазан айының 6-7-сінде облысымызда инвестициялық форум өткізу жоспарланып отыр. Қала, аудандар бойынша Жаңаөзен қаласы мен Мұнайлы ауданының қолға алынған кәсіпкерлік жобалар саны бойынша белсенді екендігі байқалады. Аймақта аграрлық саланы несиелендіретін қаржы ұйымының филиалы жоқ екендігі де сөз болды. Кеңесте ауылдық жерлерде кәсібін ашқысы келетін адамдарға арналған арнайы бағдарлама ашу керек деген ұсыныс айтылды.
Кеңес төрағасы С.Мусабаев аймақтық кәсіпкерлікті қолдау қоғамдық кеңесі жұмысын қорытындылап, талқыланған мәселелер бойынша баяндамаларда және жарыссөздерде айтылған сын ескертпелер қаперге алынып, айтылған ұсыныстар құзырлы органдарға жолданатындығын жеткізді. Қабылданған ұсыныстарды орындалу барысын бақылау «Нұр Отан» МОФ саяси жұмыстар бөлімінің меңгерушісі, қоғамдық кеңесті үйлестіруші Г.Нұрахметхановаға тапсырылды.
Мұрат ЖЕТЕКБАЙ Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН