©
Иә.., қауіпті екен... Халқымыздың өмір бойы қоректеніп келе жатқан ең бір асыл тағамы, шипалы түйе сүті бүгінде денсаулыққа пайдасы жоқ, керісінше, зиянды болып тұрған көрінеді. Әрине, барлығы емес, өнеркәсіп қалдықтары мен радиациялық заттар жиналған жерлерде жайылған түйелердің ғана сүті ішуге жарамсыз. Бұл туралы арнайы зерттеу жүргізген топ мүшелері өткізген баспасөз мәслихатында айтылды.
Төрт түлікте түйе малын ерекше қастерлеген қазақ едік. Дала «кемесінің» күй талғамайтын шыдамдылығы, қара жұмысқа қолайлылығы өз алдына, оның сүті, сүттен дайындалатын ақ өнімі нәрлі әрі халықтың денсаулығына пайдалы болуымен құнды. Әсіресе, халықтың ерекше сүйетіні—шұбат. «Күбідегі шұбатың — күшің менен қуатың» деген аталарымыз оны өкпе, асқазан ауруларымен қатар түрлі созылмалы дерттерге, жалпы ағза әлсірегенде, уланғанда пайдаланған. Ғылыми дәлелдерге сүйенсек, бір литр шұбат адам ағзасын тәуліктік қажет ететін дәрумендермен және басқа микроэлементтермен толық қамтамасыз ете алатын көрінеді. Шұбатта табиғи иммундық қасиеті адам денсаулығына пайдалы түйіршік белоктар бар. Алты ай бойы күнделікті астан жарты сағат бұрын бір литр шұбат ішкенде оның ісік, тыныс алу, ас қорыту жолдары және жүрек-қан тамыры сияқты ауруларды емдеуге ықпал жасайтындығын ғалымдар дәлелдеген. Құрамындағы элементтердің көптігінен шұбат қымыздан да асып түседі екен. Мысалы, қымыз құрамындағы ақуыз мөлшері 2,3-2,9% болса, шұбаттағы ақуыз 2,91-4,93% мөлшерінде. Қымыздың майлылығы 1,3-2,5% болса, шұбат одан да майлырақ ─ 8-9%. Шұбаттың құрамында С дәрумені де молырақ. Түйе сүтінің құрамында кальций (0,13 -0,21%) мен фосфор (0,05-0,072%) секілді микроэлементтер де кездеседі. Осылармен қатар шұбатта А, В, С дәрумендері, мыс, мырыш, күміс, темір, кремний, магний, кальций, алюминий микроэлементтері де мол. Осынша ұшан-теңіз пайдасына қарамастан өңіріміздің ластанған жерлерінде жайылған түйенің сүтіне жұрт сенімсіздікпен қарауға мәжбүр.
- Еуроодақтың Қазақстандағы өкілдігінің EuropeAid бағдарламасының қолдауымен іске асып жатқан «Азаматтар құқығын жүзеге асыру және экологиялық мәселелерді шешуге қоғамның қатысуы—Маңғыстау облысында Орхус конвенциясын тәжірибелік жүзеге асыру» жобасы аясында маңғыстаулықтардың басты тағамының бірі саналатын түйе сүтіне назар аударылды, - деді баспасөз мәслихатын ашып, жүргізіп отырған «Эко Маңғыстау» үкіметтік емес мекемесінің директоры Кирилл Осин. - Ондағы мақсат — қоршаған ортаның адамдар денсаулығына әсерін анықтау. Бұл зерттеу жұмыстары өткен жылдан бері жүріп жатыр. Қызылтөбе, Ақшұқыр, Басқұдық, Таушық, Шетпе ауылдарының түйелерінің сүттерінен сынама алынып, тексерілді. Сүттерден табылған полихлорланған дифенилдер қатерлі ісік ауруын қоздырады, бауыр мен репродуктивті жүйенің зақымдануына апарып соқтырады. Мырыш анемия мен ұйқы безінің зақымдануын тудырады. Бүгінде өңіріміздің кей жерлерінде балалар ауруының көбейе түсуі өндірістік ластанған ортаға байланысты екені сөзсіз.
Баспасөз мәслихатында Қарағанды облыстық экологиялық мұражай қызметкері Дмитрий Калмыков, география ғылымдарының кандидаты, аумақтарды дамыту жөніндегі сарапшы Светлана Могилюк, Чехияның Arnika Association ұйымының уытты заттар мен қалдықтар жөніндегі сарапшысы Индрих Петрлих түйе сүтінің улану жағдайы, оның алдын алу мәселелері төңірегінде әңгімелеп, журналистер сауалдарына жауап берді. Олардың сөздеріне сенсек, қазақстандық сарапшылар өз зерттеулерінің нәтижесін чехиялық сарапшылар жұмыстарының қорытындысымен салыстырған.
Мамандардың айтуынша, шұбат ішкен адам бірден ауруға шалдыға қоймайды. Бірақ генетикалық әсері болғандықтан балалар мен жастардың ағзасына өсе келе зиянды болуы мүмкін, ал ересектердің келер ұрпақтары үшін қауіпті. Сондықтан фермерлер үй жануарларының ластанған аудандар мен өндіріс нысандарында жайылмауларын және қалдықтармен қоректенбеуін қадағалауы тиіс. Ал тұтынушылар тамақ өнімдерін сатып алғанда өте мұқият болып, оның шыққан жері туралы білуі керек.
Ластану көздері аймақта аз емес. Олар — өндіріс ошақтары, ескі конденсаторлар, қараусыз құрылыс алаңдары мен шахталар, қалдықтар мен кәріз суларының қауіпті қоймаларының қорғаусыз аймақтары. Ірі кен орындарына бай өңіріміздің экологиялық жағдайын, Қошқарата улы көлінің маңында жайылып жүретін малды жиі көретініміз де жасыра алмаймыз.
Бұл ақпараттардың түйе сүті өнімдерімен айналысатын фермерлерге жеңіл тимесі анық. Сол себепті мамандар жергілікті мемлекеттік органдар полихлорланған дифенил сұйықтығын жою жолдарын қарастыруы керек екендігін айтты. Ол үшін ұлттық және халықаралық қаржы көздерін тартқаны жөн.
- Қолданыстағы технологиялар тәжірибесі мен халықаралық Стокгольм конвенциясының талаптарын негізге ала отырып, полихлорланған дифенил сұйықтары және полихлорланған дифенилмен ластанған қалдықтарды жоюда оларды жағу әдісін пайдаланбайтын технологияларды қолдануды ұсынамыз. Өйткені қауіпсіз тазалау мен қалдықтарды тиімді басқару — адам денсаулығына тиетін қатердің алдын алудың ең дұрыс жолы болып табылады, - деді Индрих Петрлих.
Бұған дейін дөңгелек үстел басындағы кездесулер өткізген сарапшылар тобы жергілікті билік орындарының алдына осы мәселені қоятынын қаперге берді.
Валентина ҚОЗЫБАҚОВА
Суретті түсірген Талант ҚҰСАЙЫН