Бүгін 15 шағынаудандағы теңіз жағалауында «Мәңгілік махаббат» инсталляциясы ашылды, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Инсталляция Ақтау қаласы әкімдігінің қолдауымен «Лидеры Запада» командасының ұйымдастыруымен орнатылды.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, «Мәңгілік махаббат» арт-нысаны махаббат пен мейірімнің жаршысына айналады. Көптің көңілін аудару арқылы отбасы, туған-туыс, дос, бауыр арасындағы сүйіспіншілікті нығайтады.
«2020 жыл адами құндылықтардың маңызды екенін көрсетті. Сондықтан жанашырлық пен сенімнің тұрақты мекені ретінде осы инсталляцияны орнатып отырмыз. Бұл жерге қала тұрғындары, қонақтары жиі келетініне сенімдімін. Олар жақындарына Каспий жағалауынан сәлем жолдайды. «Мәңгілік махаббат» жүрегі арқылы сәтті кадр жасай алады», - дейді «Лидеры Запада» командасының мүшесі Айгүл Байзуллаева.
Айта кетейік, аталған командада 16 адам бар. Алайда карантин талаптарына байланысты команда мүшелері шараға толық қатыспады.
Жұлдызай ҚАЛИЕВА
Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН