«Nur Otan» – Қазақстанның қарқынды дамып, өркендеуін мақсат тұтқан партия. Қазақстан үшін сындарлы сәттерде әрдайым халықтың жанынан табылып, қиын да күрделі міндеттерді атқарып келеді. Қоғамның орнықты дамуы мен азаматтардың тұрмысын жақсарту жолында тынымсыз жұмыс істеуде. Партия замана ағымына қарай дамып, жұмысын жаңғыртты. Биылғы сайлауда партияішілік праймериз өткізді. Сонымен қатар партия атынан түсетін кандидаттардың 30 %-ын жастар мен әйелдер қауымын қамтуды міндет етіп алды.
«Nur Otan» партиясының 2025 жылға дейінгі «Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір!» атты сайлауалды бағдарламасы қолға алған реформалардың заңды жалғасы. Жаңа бағдарлама – аса ауқымды, бірақ нақты жоспарланған, қажетті ресурстармен қамтамасыз етілген мақсаттар мен бағдарлар жиынтығы.
Бүгінде партиямыздың өзіндік дәстүрі, қол жеткен табысы мен тәжірибесі, қатары қалың жақтастары бар. Партияның республикалық сайлауалды бағдарламасы алғаш рет 216 аймақтық бағдарламада егжей-тегжейлі көрініс тапты. Бұл алға қойған міндеттерді еліміздің кез келген өңірінде, барлық деңгейде тиімді іске асыруға мүмкіндік береді.
Партияның сайлауалды бағдарламасын түсіндіру мақсатында 28 желтоқсан Yessenov University-де кездесу өтті. Бағдарламаны облыстық сайлауалды штаб басшысы Елубай Әбілов пен мүшелері Сағыныш Төралиев, Ерғали Құрашев, Амангүл Жайылғанова кеңінен таныстырды. Е.Әбілов бағдарламада берілген 7 басымдыққа жеке-жеке тоқталып, әр бағыт бойынша атқарылатын жұмыстарға тоқталды.
- Партия баршаға қолжетімді білімді қолдайды. Облыс бойынша бес жылда 18 жаңа мектеп бой көтереді. Сұранысқа ие мамандықтар бойынша жоғары білім алуға арналған гранттар саны 50%-ға көбейіп, жылына 75 мың жастың тегін жоғары білім алуға мүмкіндігі болады. 2025 жылға дейін студенттердің шәкіртақылары 2 есе, магистранттар мен докторанттардікі 1,5 есе өседі. Жас ғалымдарға жыл сайын республика көлемінде 1000 грант бөлінеді, - деген Е.Әбілов партия сайлауалды бағдарламасының орындалысын бақылауда ұстайтынын жеткізді. 5 жылда атқарылатын жұмыстар легі жетерлік. Бұл бойынша жергілікті билік өкілдерінен жылына бірнеше рет есеп алынып отырады.
Жалпы білім саласындағы мүдделі жұмыстар легі: колледждер мен университеттердің жатақханаларында кем дегенде 50 мың жаңа орын беріледі, Назарбаев университетінің тәжірибесі негізінде өңірлерде 2 озық деңгейлі жоғары оқу орны ашылады, 180 колледждің материалдық-техникалық базасын жаңарып, ең бастысы тиімсіз білім беру мекемелері жабылады. 2025 жылға қарай жастардың барлығы колледждерде сұранысқа ие мамандықтар бойынша тегін білім ала алатын болады. Барлық жоғары оқу орындары мен колледждердің бағдарламалары жаңартылып, кәсіпкерлік, экологиялық, мәдени білім негізі бойынша жаңа пәндер енгізіледі.
Шара барысында университет ұжымының сұрақтары, ұсыныстарына кезек берілді. Шахмардан Есенов атындағы Каспий технологиялар және инжиниринг университеті Теңіз академиясының профессоры Жолдыбай Жұмаев Елбасымыз, «Nur Otan» партиясының төрағасы Н.Ә.Назарбаевтың көмегімен көптеген іс-шаралар жүзеге асқанын, тікелей куәгері болғанын тілге тиек етіп, мұнай компанияларында қызмет ететін инженерлер партияның араласуымен қайта қызметтеріне оралғанын айтты. Бұл игі істер алдағы уақытта жалғасын тапсын деген игі тілегін жеткізді.
- Теңіз академиясының профессоры деген атаққа оңай жеткен жоқпын, 10-15 жылдағы еңбектің жемісі деп білемін. Теңіз оқыту-жаттықтыру орталығын құрып, «Болашақ» бағдарламасы арқылы шетелде білім алдым, Елбасының арқасында сол жақтан орталыққа жаттықтыру құралдарын алып келдік. Алайда бұл құралдар 5 жыл мерзімге жалға берілді. Биыл жалдау құқығымыздың соңғы жылы. Ендігі жерде партия араласып, құны 20 млн тұратын тренажер алып беруіңізді сұраймыз, - деді Ж.Жұмаев.
Штаб басшысы Е.Әбілов теңіз жағасында орналасқан облыс үшін тренажерканың қажеттілігін дұрыс деп атап өтіп, ұсыныс жергілікті билік өкілдерімен қарастырылатынын айтты.
Барша сайлаушыларды алдағы сайлауда Nur Otan үшін дауыс беруге шақырамыз. Қуатты мемлекет пен тең мүмкіндіктер қоғамына таңдау жасаңыздар!
«Nur Otan» партиясы Маңғыстау облысы Сайлау қорының қаражатынан төленді