Маңғыстау облысы бойынша экология департаментінің хабарлауынша, зертханалық бақылау нәтижелері нәтижесінде Ақтау қаласында атмосфераға ластаушы заттар шығарындыларының шекті рұқсат етілген концентрациядан асып кеткені байқалады. Атап айтқанда, азот диоксидінің шекті рұқсат етілген концентрациясын 1,5 есе болса, метан 1,8 есе артқаны байқалады.
Сонымен қатар, «Қазгидромет» РМК Маңғыстау филиалының метеорологиялық деректері де Ақтау қаласының 15 және 33 шағын аудандарындағы стационарлық бекеттерде азот диоксиді мөлшерінің артқанын растады. Бұл кезде желдің бағыты «Шығыс солтүстік-шығыс» 4/5 м/с, сағат 18:00-ден 23: 00-ге дейін «Шығыс оңтүстік-шығыс» бағытына 2/4 м/с өзгерген
Ластаушы заттардың шығуы «МАЭК-ҚазАтомөнеркәсіп» ЖШС, «ҚазАзот» АҚ, «Каспий битум» ЖШС, «Mangystau Oil Refining» ЖШС, «Ақтау теңіз порты» АЭА, «Қазтрансойл» АҚ сияқты және басқа да кәсіпорындар жағынан байқалады.
Экология департаменті ауаны ластау көздері жоғарыда аталған кәсіпорындардың қызметімен байланысты деген болжам жасап отыр.
Қазақстан Республикасы Экологиялық кодексінің 117, 118-баптарын басшылыққа ала отырып, Экология департаменті жоспардан тыс тексеру үшін Маңғыстау облысының мамандандырылған табиғат қорғау прокуратурасына жүгінбекші. Тексерудің нәтижелері туралы қосымша хабарланады.