Ақтау қаласында енді екіқабатты туристік автобуспен саяхаттауға болады, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Қала тұрғындары мен қонақтары экскурсиялық автобуспен теңіз жағалауы бойымен «Риксос» қонақүйіне дейін саяхаттай алады.
Қазір бұндай автобустардың санын 4-ке жеткізу жоспарланып отыр. Ұзындығы 4 метр, сыйымдылығы 67 орындық. Ал автобустың екінші қабатына бақылау камералары орнатылған. Жүргізуші камера арқылы техникалық қауіпсіздік пен жолаушы отырғызуды бақылап отырады. Сонымен қоса, автобус евростандартқа сай жасақталған. «Каспий автопарк» ЖШС директоры Аслан Жакбалиевтың айтуынша, автобусты жалға алуға да болады.
Бұл пилоттық жоба. Ақтау қаласының туристік статусты алғанын ескеріп, осындай жоба жасауды құп көрдік. Бұл жоспарымызды кәсіпкерлер мен мемлекеттік билікке де ұсыныс ретінде жасадық. Нарықта бұл жоба тез-ақ аяқ алып кететініне күмәнім жоқ. Осы автобуспен түрлі шараларды ұйымдастыруға болады, - дейді «Каспий автопарк» ЖШС директоры Аслан Жакбалиев.
Махаббат НҰРЖАНҚЫЗЫ
Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН