©
Маңғыстау ауданында тұратын құсбегі Ертіс Ещанов ашық аспан көгін бағындырған бүркітті аңға салып, талай мәрте жарыстарда нәтиже көрсетіп келеді. Ертіс Ещанов Тұщыбек ауылындағы сызу пәнінің мұғалімі. Ол жаны өнерге құштар шебер суретші. Қыран баптап, аңға салуға мектептің жасөспірім оқушыларын да баулып жүр.
«Қашықтан жұмысқа көшкелі қол қусырып отырғым келмейді. Үйде отыратын уақытым да аз. Ең алдымен қыран құсымды баптаймын. Құстарымның біреуінің мінезі ауыр. Екі бүркіт, бес-алты ителгім бар. Шәкірттеріммен тауға шығып қырандарымды аңға саламын. Қолым босағанда сурет салып, әмиян тігемін. Бүркіттің томағасын, ер азаматтарға арналған таза былғарыдан белбеу, қол сөмке, әмиян тігемін», дейді ол.
Сонымен қатар Е. Ещанов Алматы қаласынан арнайы былғары терілерін алдыртып, ер адамдарға арналған қол сөмке мен әмиян тігуді де қолға алған.
«Әмиян тігудің де ерекше сыры бар. Әуелі былғарыны дайындап, жан-жағын тегістеймін. Өйткені теріні кескенде жібі тарқатылып кетеді. Жіптері шығып тұрмас үшін тегістеп, кейін арнайы құралмен біркелкі етіп тесіп, қалың арнайы жіппен тігіп шығамын. Әмиянның былғарысы бөлек, бүркіттің томағасын тігетін былғары бөлек болып келеді. Бұл былғарыны арнайы тапсырыспен алдыртамын», деді ол.
Ертіс Ещановтың жұмыс бөлмесінде өзі салған майлы бояу суреттерден «Бозжыра», «Шерқала» тауы, Маңғыстаудың тарихи өлкелері, кең даладағы қазақ үйлері бейнелеген портреттер бар.