Кеше Ыстамбұлдан Ақтау әуежайына 94 жолаушы ұшып келді. Анықтамасы бар 83 жолаушы үйіне қайтты. Ал 11 адам 1 шағынауданда орналасқан стационарға жатқызылды. Бұл туралы МО қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингте Маңғыстау облысының Бас санитар дәрігері Ғазиз Надуев мәлімдеді, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Оның айтуынша, жолаушылар ковидтің бар-жоғын анықтайтын ПТР тест тапсырды. Егер теріс нәтиже берсе олар үйіне жіберіледі.
«Бүгінгі таңда шетелден ұшып келген қазақстандықтар мен өзге елдің азаматтары термометрия, сауалнама толтырады. Елге темір жол, теңіз жолы, тіпті жеңіл көлікпен келген кісілер осындай қатаң тексеріспен есепке алынады», - деді Маңғыстау облысының Бас санитар дәрігері Ғазиз Надуев.
Айта кетейік, Ақтау әуежайы халықаралық рейстерден тек Ыстамбұл–Ақтау бағытындағы ұшақтарды қабылдап жатыр. Әуе рейсі аптасына 3 рет қатынайды.
Еске сала кетейік, ҚР Бас санитарлық дәрігері Ерлан Қиясовтың мемлекеттік шекарадағы өткізу пунктерінде коронавирус инфекциясының алдын алу шараларын одан әрі күшейту туралы жаңа қаулысы 6 қазанда сағат 00:00-де күшіне енген болатын.