© Талант ҚҰСАЙЫН
Құрметті Ақтау қаласының тұрғындары!
Биыл Қала күнін әдеттегідей сән салтанатпен атап өте алмаймыз. Бүкіл әлемге тараған пандемияға байланысты барлық іс-шаралар онлайн өтеді. Қиындықпен келген індет адамдарды жақындастырып, құндылықтарды өзгертті. Жақынымызға жанашыр, қамқор болуды үйрендік. Қазіргі қалыптасқан жағдайда дәрігер мен ұстаздың, полиция мен әскери қызметкердің еңбегін бағалай бастадық. Ақтаулықтар да, өздерінің жақсы қасиеттерін танытып, бірлігін көрсете білді.
Ақтау - Қазақстан экономикасының дамуына елеулі үлес қосып, қарқынды дамып келе жатқан қалалардың бірі. Бұл да ақтаулықтардың қажымас қайраты мен еңбегінің айқын дәлелі деп білемін. Осы орайда, қаланың іргетасын қалаушы ардагерлер мен «Құрметті азамат» иегерлеріне алғыс білдіргім келеді. Бүгінде біздің міндетіміз осы жетістіктерді сақтап,әрі қарай дамыту, қаламызды қызықты жобалар мен инновациялар үшін тартымды ету.
Өздеріңізге белгілі, биыл Каспий теңізінің жағасында алғаш рет барлық қызмет түрі қамтылған отбасылық демалыс кешені ашылды. Шетелдік инвестор тарту аймақ үшін маңызды оқиғаға айналып, туризмінің дамуына үлкен серпіліс болғаны анық. Халықаралық туристік хабтың таныстырылымына қатысқан Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев, бұл Каспийде ауқымды халықаралық туристік хаб құру жолындағы алғашқы қадамы екенін, алдағы уақытта осында қазақстандықтармен бірге шетелдік қонақтар да өте қолайлы уақыт өткізе алатынын атап өткен болатын.
Қымбатты қала тұрғындары, Сіздерді Қала күнімен құттықтаймын! Әр отбасыға зор денсаулық, бақыт пен амандық тілеймін!Туған күніңмен, сүйікті қала!
Ізгі тілекпен, Ақтау қаласының әкімі Н.Қилыбай