«Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының қызметкерлері Түпқараған ауданындағы Аташ ауылына жұмыс сапарымен барды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» РМК баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Аташ ауылындағы «ҚазГазТрансАймақ» АҚ-на тиесілі газ құбыры көлік жолының қақ ортасында тұр. Б.Ақсамбаев көшесіне жаңадан жол төсеуді мойнына алған мердігер «Бек-АктауГазСнаб» серіктестігінің жұмысшылары құбыр маңындағы асфальтты күреп тастап, жолдың екі бетіне арнайы белгілер қойған. Бұл жерде жол белгілерінің түсі заң бойынша сары түстес болуы керек. Өз кезегінде мердігер мекеме басшылығының тағы бір қателігі байқалды.
"Түпқараған аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі" мемлекеттік мекемесі, техникалық қадағалау бөлімі, сондай-ақ мердігер серіктестік өкілдерімен келісімімен асфальт жолдың ұзындығы өлшеніп, бір сынама (керн) алынды. Мұндағы мақсат жол материалының қалыңдығына көз жеткізу. Техникалық регламент талаптарына сәйкес асфальт жабындының суып, қатуына 2-3 тәулік уақыт керек. Осыған орай келесі аптада жол сапасын бақылаушылар Аташ ауылына тағы келіп, сынамалар алуды жоспарлап отыр.
«Бұл жерде кемшілік көп. Әрқайсысына жеке-дара тоқсалсақ. Бұл жолды салмас бұрын жобалау кезінде көше бойынша төмен қысымды газ құбыры тұрғаны мүлдем ескерілмеген. Оны жылжыту туралы ауылды көгілдір отынмен жабдықтаушы мекемеге техникалық талаптар жіберілмеген. Жобалау жұмыстарымен "CASPIY & DIFA" серіктестігі айналысқан. Олар жіберген олқылық газ құбырын монтаждау жұмыстарына қажет қаржының сметалық құжаттарға қосылмай қалуына әкеп соққанын көріп тұрмыз» - дейді «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» РМК Маңғыстау филиалының директоры Елтай Таялиев.
Б.Ақсамбаев көшесіне асфальт төсеуге мердігер қызметіне тапсырыс беруші Түпқараған аудандық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің қызметкерлері өз қателіктерін кейін түсініп, төмен қысымды газ құбырымен түйісетін жолға тиісті талаптарды алу үшін техникалық қадағалау бөліміне хат жолдапты.
«Ауылішілік трассаны салған мердігер мекеме өкілдері, сонымен бірге техникалық бақылау бөлімінің қызметкерлері де Түпқараған аудандық ТҮКШ, ЖК және АЖ бөліміне бірнеше рет хат жазған көрінеді. Дер кезінде тиісті жауабын алғанда бұл жағдай болмас та еді. Әкімдіктегілердің бұған немқұрайлы қарауының нәтижесі бұл. Бүгін жол ұзындығы мен оған төселген жол материалының қалыңдығын өлшеп шықтық. Алдағы күндері осы жолдың сапасын тексеру үшін бірнеше сынамалар аламыз. Нәтижесі зертханалық сараптаулардың соң белгілі болады» - дейді «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» РМК Маңғыстау филиалының инженері Бекмұрат Байдуллаев.
Ал жобаны бекітіп әрі қаржыландыру, оны мақсатты игеруді заң жүзінде қаншалықты дұрыс атқарғанын құзырлы органдар анықтайды.
Айта кетейік, Аташ елді мекенінің Б.Ақсамбаев көшесіне асфальт жабынды төсеу кезінде газ құбырының жол ортасында қалып кеткені әлеуметтік желілерде қызу талқыланған болатын.