Кеше әлеуметтік желілерде Түпқараған ауданы Аташ ауылындағы көшелердің бірінде жол төсеу барысында газ құбырының үстінен асфальт жолын төсеп кеткен фото кеңінен тарап кетті, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Осы оқиғаға байланысты Түпқараған аудандық әкімдігі түсініктеме берді.
"23 қыркүйек күні сағат 18:30 шамасында ауылішілік жол құрылысымен айналысушы мердігер мекеме «Бек-АқтауГазСнаб» ЖШС тарапынан жұмыс соңында бақылаушы жауапты тұлғаның болмауына байланысты алдағы уақытта ауыстырылуға жататын газ құбырының үстінен асфальт жолын төсеп кеткен. Аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы А. Жеткізгеновтың газ құбырының қорғау аймағына жататын 5 метр (екі жағынан 10 метр) жерді қалдырып кету туралы алдын-ала ескертуіне қарамастан, мердігер мекеме тарапынан өрескел қателікке жол берілген. Осыған байланысты мердігер мекеме сол түні төселген асфальт жабындысын алып тастады", делінген Маңғыстау облысының қоғамдық коммуникация орталығы таратқан ақпаратта.
Сондай-ақ, мердігер мекеме барлық жауапкершілікті толығымен өз мойындарына алды. Аталған жұмыстарды қалпына келтіру мердігер мекеме тарапынан жүргізіледі. Сондай-ақ, «ҚазТрансГазАймақ» АҚ-тың алынған техникалық шарт талаптарына сәйкес газ құбыры ауыстырылады.
Айта кетейік, ауылішілік жолдың аталған бөлігін асфальттау газ құбырын ауыстырғаннан кейін жүргізіледі.