Заманауи үлгідегі футбол алаңы мен балалар ойын алаңы ауыл азаматтарының қолдауымен ашылды. Бұл туралы Бейнеу ауданы әкімі Бейнеубек Әбілов айтты.
Бейбарыс көшесінің бойында орналасқан шағын футбол және балалар ойын алаңының құрылысына 13 000 000 теңге қаражат жұмсалды. Футбол алаңы 989 (43х23) шаршы метр, балалар ойын алаңы 252 (18х14) шаршы метрді құрайды. Қосымша көрермендерге арналған 70 орындық және қоқыс жәшіктері орналастырылған. Балалар ойын алаңы 9 түрлі ойын құрал-жабдықтармен жабдықталды. Алаңның айналасына жарық шамдары орнатылды.
«Саламатты өмір салты, дене шынықтыру мен спортты дамыту - елімізді дамыту стратегиясының маңызды міндеттерінің бірі. Сондықтан ауданымызда да бұқаралық спортты дамытуға ерекше мән беріліп, спорт алаңдары көбейіп, мектептер мен спорт үйірмелерінде дене шынықтырумен шұғылданушылар саны артып келеді. Аудандық білім ордаларының қара шаңырағы аталатын Абай орта мектебінен шыққан түлектердің бастамасымен бастау алып, былтыр футбол алаңы ел игілігіне пайдалануға берілді. Жақсы дәстүрді биыл Ы. Алтынсарин және Ж. Қалдығараев атындағы орта мектептерінің түлектері жалғастырды. Осылайша, Ы.Алтынсарин атындағы орта мектебінің түлектерінің сыйға тартқан шағын футбол және балалар алаңында жастар өз уақыттарын тиімді өткізуде. Осы жылдың желтоқсан айында Ж.Қалдығараев атындағы орта мектеп түлектерінің салып жатқан спорт алаңы да ашылып, ауыл жастарының спортпен шұғылдану үшін ел игілігіне беріледі» - деді аудан әкімі Бейнеубек Әбілов.
Спортшылардың шеберлігі мен кәсіби деңгейін көтеру мақсатында аудан спортшылары республикалық, облыстық біріншіліктерге тұрақты қатысып жүр. Нақтырақ айтқанда әуесқойлар арасындағы ел чемпионатында ауданнан «Ақмадина», «Бексұлтан», «Жан-Али» командалары қатысты. Сонымен қатар 2018 жылы Португалияның Лиссабон қаласында өткен әуесқойлар арасындағы Әлем чемпионатына облыстан екі спортшы қатысса, оның біреуі осы ауданнан шыққан.