ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Маңғыстау облысы бойынша департаментінің ҚР ҚПК-нің 200-бабының тәртібімен енгізген ұсыныс облыстық Білім басқармасы өткізген шұғыл мәжілісте қаралды, деп хабарлайды департаменттің баспасөз қызметі.
Жиынға Департамент басшысы Б.Жылқыбаев, басшының бірінші орынбасары С.Қаныбеков, аға тергеуші А.Абдулов және Білім басқармасының басшысы А.Сейдалиев пен мамандары қатысты.
Мәжілісте Жаңаөзен қалалық білім бөлімінің статистигі жасаған заң бұзушылық қаралды. Онда заң бұзушылық жасаған тұлға өзінің сабаққа қатыса алмайтын бірнеше танысына коллежде тегін оқуға жолдама алып берген. Кейін таныстарының құжаттарын жинап алып, банк шотын аштырған. Сондай-ақ, олардың әрқайсысына диплом алып беруге уәде беріп, есепшот карталарын жинап алған. Осылайша, әрқайсысына ай сайын 21 700 теңге көлемінде төленетін шәкіртақыны иемденіп келген. Жалпы сомасы 1 627 500 теңге ақша қаражатын осылай алдап алған.
Жиында Департамент тарапынан Жаңаөзен қалалық білім бөлімінде орын алған заң бұзушылықты қатаң бақылауға алып, осындай фактілерді жою жөнінде Білім басқармасы тарапынан тиісті шаралар қолдану ұсынылды.