Маңғыстау облысының әкімі Серікбай Трұмов облыстық мәслихат депутаттарының алдында 2020 жылдың қаңтар-шілде айларында облыстың әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысы, әлемдік деңгейде жарияланған пандемияға орай қабылданған шаралар мен алдағы уақытқа орындалатын міндеттерді ортаға салды. Бұл туралы Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
Коронавирус індетімен күресуге бюджеттен бөлінген қаражатқа әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларға қолдау көрсетіліп, азық-түлік қоры қалыптастырылды, коммуналдық төлемдері өтелді, жұмыс орындарын сақтап қалу үшін «Жұмыспен қамтудың жол картасы» жасақталды, шағын және орта бизнес өкілдеріне бірқатар жеңілдіктер жасалды. Аймақ басшысы өңірді медициналық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етуге атсалысып, халықтың амандығы үшін үлестерін қосқан ірі компаниялардың, кәсіпкерлердің, депутаттардың, азаматтарымыздың да еңбегін атап өтіп ел үшін қиын сәтте қол ұшын созған азаматтарға алғысын жеткізді.
Сонымен қатар, күз-қыс айларында тұмау ауруларының үдейтін уақытында індеттің алдын алу мақсатында іс-шаралар жоспарымен таныстырды.
Короновирустық инфекцияның алдын алу мақсатында денсаулық сақтау ұйымдарында барлығы 1761 төсек-орын дайындалды. Қазір облыс бойынша инфекциялық және провизорлық стационарларда 258 өкпені жасанды желдету аппараты мен 523 оттегі концентраторы, 14 рентген аппараты жұмыс істеп тұр. Демеушілік қаражат есебінен медициналық жабдықтар мен санавтокөліктер сатып алынып, медициналық мекемелерге жеткізілді. Олар, 220 бірлік оттегі концентраторлары, 99 бірлік өкпені жасанды желдету аппараты, 7 бірлік жедел медициналық көмек автокөліктері, 80 бірлік пульсоксиметрлер, 31 бірлік медициналық термометрлер, 17 бірлік функционалдық кереуеттер. Осыдан кейін аймақ басшысы жылдың жеті айының қорытындысына тоқталып, өнеркәсіптен басқа негізгі көрсеткіштердің даму қарқыны жақсы екенін айтты.
Өңдеу өнеркәсібі - 103%, ауыл шаруашылығы - 100,3%, негізгі капиталға инвестиция – 111,1%, құрылыс жұмыстары - 107,1%, тұрғын үйді іске қосу - 100% орындалған.
Жоспар бойынша өңдеу өнеркәсібін дамыту жаңа жобаларды іске асыру, импорт алмастыруды және экспортқа бағдарланған өндірістерді дамыту, «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы арқылы жүргізіледі.
Биыл осы салада жаңа 7 жобаны іске қосу жоспарланып отыр. Бұл жобалар аясында 300-ден астам жұмыс орнын құру және 14,2 млрд теңге инвестиция тарту көзделіп отыр.
Бүгінге туризмді дамытуға тың серпін берген 2 жоба пайдалануға берілді. Жобалар аясында жалпы 64 млрд теңге салынып, 600-ге тарта жұмыс орны құрылды. Өңірде «Нұрлы Жол» бағдарламасының шеңберінде көлік логистикасының біртұтас жүйесі қалыптастырылған. Осы жылы өңірде жалпы құны 26,3 млрд теңге 9 инфрақұрылымдық жоба іске асырылуда.
Атап айтқанда, жалпы ұзындығы 149 км республикалық маңызы бар 2 автожол - «Бейнеу – Акжігіт – Өзбекстан Республикасы шекарасы (Нөкіс)» (85 км) және «Жетібай-Жаңаөзен» (64 км) құрылысы;
жалпы ұзындығы 193,1 км жергілікті маңызы бар 7 автожол:
- «Жыңғылды-Шайыр-Шерқала жері» (ұзындығы 29 км);
- «Ата жолы» 1 және 2 кезеңі (96,6 км, 2020ж. маусымда 1-ші және 2-ші кезең жұмыстары аяқталды);
- «МАЭК» су жинау каналынан «Tree of life» демалыс базасына дейінгі автожолдарды қайта құрылымдау (26,9 км);
- «Шора» көпірін қайта жаңарту («МАЭК» су қоймасынан Құрық теңіз портына дейінгі жолдар (III кезең) (0,07 км);
- Өмірзақ ауылынан жылы жағажайға дейін жол салу (4,6 км);
- «Шетпе-Қызан» автожолын қайта жаңарту (Тасмұрын-Мастек аралығы, ұзындығы 36 км, аяқталуы - 2021 жыл).
Жыл басынан бері «Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламасы аясында 47,7 млрд теңге сомасына 125 жобаға қолдау көрсетіліп, 1 104 жаңа жұмыс орны құрылып, 2 633 жұмыс орны сақталды. Нәтижесінде шағын және орта кәсіпкерлік саласында 1 тоқсанда 24% өсіммен 346 млрд теңгенің өнімі шығарылды.
«Нұрлы жер» бағдарламасы шеңберінде 683 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Ақтауда 70-тен астам көпқабатты тұрғын үйлер салынуда және жылына 1,2 млн текше метр тұрғын үй беріліп келеді.
«Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасының тиісті бағыттарын іске асыру мақсатында 10,9 млрд теңге бөлінді. Бағдарлама аясында жалдамалы тұрғын үйлер, жинақтау жүйесі арқылы несиелік тұрғын үй және инженерлік-инфрақұрылымды дамыту жүргізілуде. Нәтижесінде жалпы ауданы 24 мың шаршы метр болатын 352 пәтерлік тұрғын үйлердің құрылысы аяқталып, 67 пәтер сатып алынады. Осы үйлердің ішінен 215 пәтер көпбалалы отбасыларға беріледі.
Жалпы 1 тамыз жағдайына 16 578 жұмыс орны құрылды және оның 72% тұрақты. Жалпы жұмыссыздық деңгейі 5,1%-ды құрады. Бұдан басқа, еңбек нарығын тұрақтандыру мақсатында «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020» аясында 34 млрд теңге қаралып, 150 жоба жүзеге асырылуда.