Қазақстан Республикасы Конституциясының 25 жылдығы аясында Форт-Шевченко қаласындағы Жаңа – Кетік шағынауданында 80 пәтерлік 3 тұрғын үйдің пәтерлерінің кілттері табысталды.
Тұрғын үй кешені қатардағы Қазақстан азаматтарының тұрғын үй жағдайларын жақсартуға бағытталған «Нұрлы Жер» бағдарламасы аясында салынып, қолданысқа беріліп отыр. Құрылысы аяқталған көпқабатты тұрғын үй пәтерлерінің кілттерін тапсыруға арналған салтанатты жиынды Түпқараған ауданының әкімі Айбек Қосуақұлы ашып беріп, мемлекетіміздің саяси тұрақтылығы мен қоғамдық татулығының кепілі болып отырған Ата Заңның 25 жылдығымен құттықтады.
Аудан әкімі өз кезегінде, пәтер иелеріне пәтер кілттерін табыстаса, жаңадан салынған тұрғын үйді салтанатты түрде ашып, лентаны қию құрметі Түпқараған ауданының қоғамдық кеңесінің төрағасы Садықов Демегенге және «Алтын Алқа» иегері, көп балалы ана, зейнеткер Ерқасова Розаға ұсынылды.
Айта кетейік, тұрғын үй 1, 2 және 3 бөлмелі пәтерлерден тұрады. Пәтер алушылар 2007-2014 жылдар аралығында тіркеуде тұрған халықтың әлеуметтік жағынан осал топтары.
Еділбек Дүйсенов