Жас теңізшілер Ақтау гарнизонының «Оймаша» полигонында жоспарға сәйкес калашников автоматымен бақылау атыс жаттығуларын орындады, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Жас сарбаздар бір ай көлемінде алғашқы әскери дайындық сабақтарын пысықтады. Атап айтқанда атыс даярлығы барысында олар атыс негіздерін, тәсілдері мен ережелерін, қарудың техникалық-тактикалық сипаттамасы сынды бөлімдерді қамтыды.
«Өзім және әскердегі достарым үшін бұл үлкен тәжірибе болды. Әрі қарай әскери істі адал және аса үлкен қызығушылықпен атқаратынымызға сенімдімін. Командирлерден білім мен тәжірибені алуға тырысып жатырмыз. Бір жыл өткен соң Қарулы Күштер қатарында әрі қарай келісім-шарт бойынша қызмет етемін деген мақсатым бар», деді Алматы қаласынан шақырылған матрос Нұрислам Нұрбек.
Жас теңізшілер ату нәтижелері бойынша жақсы нәтижелер көрсетті. Мәселен матростар Диас Нүсіп, Мейірбек Өтеғалиев және Алексей Вольнага өз қатарларынан озып шықты. Олар 2-ші атыс оқу-жаттығу орындау кезінде жоғары нәтижеге қол жеткізген. Айта кетейік жаттығу, санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды қатаң сақтай отырып жүргізілді.
Ендігі кезекте жас теңізшілер отан алдында әскери ант қабылдап, Әскери теңіз күштерінің қатарын толтырады.