Маңғыстау облыстық перинаталдық орталығының директоры қызметіне Епенова Жапырақ Кеңесханқызы тағайындалды.
Ол 1989 жылы Семей мемлекеттік медициналық институтын тәмамдаған. 1989-1990 жылдар аралығында Шығыс Қазақстан облысы Өскемен қаласындағы 4-ші қалалық аурухана базасында интернатура курсынан өткен.
1990 жылдан бері Ақтау қалалық перинаталдық орталығында акушер-гинеколог, бөлім меңгерушісі, 2010 жылдан бүгінге дейін Маңғыстау облыстық перинаталдық орталығы директорының емдеу ісі жөніндегі орынбасары қызметін атқарып келді. "Акушер-гинеколог" мамандығы бойынша жоғары санатты, "Денсаулық сақтауды ұйымдастыру" мамандығы бойынша жоғары санатты дәрігер.
Маңғыстау облысы денсаулық сақтау басқармасының басшысы Жамал Жаманбаева жаңа жетекшіні ұжымға таныстырып, алдағы жұмысына толағай табыстар тіледі және мекеменің жұмысын жандандыра түсетініне сенім білдірді, делінген департаменттің баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.