Бүгін Ақтау қаласының әкімі Нұрдәулет Қилыбай көпбалалы аналарға «Алтын алқа» және «Күміс алқа» төсбелгілерін табыстады, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
ҚР-ның Президентінің 2020 жылғы 24 шілдедегі №375 жарлығы бойынша 3 ана «Алтын алқа», 7 ана «Күміс алқамен» марапатталды.
Қала әкімі өз құттықтауында Маңғыстау өңірінің республика бойынша туу көрсеткіші жөнінен көшбасшы аймақ екенін атап өтті.
«Бүгінде Ақтауда 5 830 көпбалалы ана бар. Оның ішінде 1 418 «алтын алқа», «күміс алқа» иегері тұрады.
«Ананың құдіреті шексіз. Оның алдында бүкіл әлем бас иеді» - деп тегін айтылмаса керек. Қаймағы бұзылмаған қазақ халқы әйел затын аса қатты қадірлейді. Ананың жанұядағы, тәрбие берудегі рөлі өте маңызды әрі көп еңбек етуді талап етеді. Алғашқы адамгершілік қасиеттерін – үлкендерді құрметтеу, ата-анаға және Отанға деген сүйіспеншілік секілді сезімдерін Ана ғана оята алады. Еңбектеріңіз үшін Сіздерге мың да бір алғыс айтамын», - деп өз құттықтауын жеткізді Нұрдәулет Қилыбай.
Жиын барысында ақ жарма тілектер айтылып, көпбалалы аналар алғыстарын жеткізді.