Биыл Түпқараған ауданында Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысқан 320 түлектің 127-сі мемлекеттік грант иеленді. Бұл туралы аудандық білім бөлімінің басшысы Айбаршын Утесбаева мәлімдеді.
«Биыл ауданда 333 түлек оқу бітірді. Соның ішінде 320 оқушы ҰБТ-ға қатысты. 127 түлек мемлекеттік грант, 12 түлек облыс әкімінің грантын иеленді. Өткен жылы барлық бағдарлама бойынша грант саны 112 болса, биыл 139 грант иеленіп, айтарлықтай өсім көрсетіп отыр. 2019 жылы 7 «Алтын белгі» иегері болса, биыл - 16. Өткен жылы 9 «Үздік аттестат» иегері болса, осы жылы - 11. Жастарға мол мүмкіндік беретін «Серпін» бағдарламасы бойынша берілетін тегін оқу жеңілдігін біздің аудан оқушылары да пайдалануда. Мемлекеттік грант иеленген түлектердің ішінде «Серпін» бағдарламасы бойынша 26 түлек тегін оқу мүмкіндігіне ие болды», - деді Айбаршын Утесбаева.
Сондай-ақ жаңа оқу жылына дайындық жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр. Ата-аналарға онлайн форматта оқу қалай жүргізілетіндігі жөнінде сынып жетекшілері, мектеп әкімшілігі тарапынан толықтай түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Толық ақпарат аудандағы мектептердің ресми сайтынан алуға болады.