Маңғыстау облысы денсаулық сақтау басқармасының басшысы Жамал Жаманбаева Түпқараған және Маңғыстау аудандарында болды. Бұл туралы басқарманың баспасөз қызметі хабарлады.
КВИ бойынша эпидемиологиялық жағдайдың шиеленісуі кезеңінде медициналық қоғамдастықтың алдында тұрған бірінші кезектегі міндет - науқастар мен вирус тасымалдаушылардың ең көп санын дер кезінде анықтап, уақтылы медициналық көмекпен жедел қамтамасыз ету. Өңірдің барлық денсаулық сақтау жүйесі осы бағытта жұмыстанады.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы медицина қызметкерлермен әңгімелесіп, аудандардағы эпидемиологиялық жағдайға қатысты пікірлерін тыңдады және барлық көтерілген мәселелер жұмыс тәртібімен шешілетінін айтты.
"Денсаулық сақтау жүйесі қазірден бастап күзгі-қысқы кезеңге дайын болуы тиіс. Әрекеттер алгоритмі біздерге белгілі. Кез келген қиындыққа барынша төтеп беруге күш жігерімізді жұмсайтын боламыз. Бүгінде ең бастысы - барлық сақтық шараларын сақтау қажет. Сонымен қатар, Тұщыбек шипажайында оңалту орталығын ашу жоспарымызда бар", деді Жамал Жаманбаева.
Айта кету керек, аймақта ауруханалар қалыпты жұмыс режиміне оралуда.