Бұл туралы МО қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингте МО инвестициялар және туризмді дамыту басқармасы басшысының орынбасары Тілеген Едігеев айтты.
“Карантин нормалары жеңілдегеннен кейін Ақтау қаласының теңіз жағалауындағы қонақ үйлерде жаз мезгілінде бос орын жоқ екені байқалуда. Бұл біздің өңірге деген қызығушылық пен ішкі туризмнің қарқынды дамуының көрсеткіші. Биылғы көктем-жаз айларында санитарлық нормаларды сақтай отырып, шілдеден бастап «Риксос Актау» қонақ үйі және тамыз айынан «Холидей ИНН Актау» қонақ үйі кешенінің аквапаркінің ашылғанын атап өтуге болады. Маңғыстаудан, Алматы, Нұр-Сұлтан, Шымкент қаласынан, Атырау, Ақтөбе, Түркістан облыстарынан бірнеше адам жұмысқа қабылданып, жаңа жұмыс орындары ашылды”, - деді МО инвестициялар және туризмді дамыту басқармасы басшысының орынбасары Тілеген Едігеев.
Маңғыстау туризм колледжінің базасында "Қонақ үй бизнесі және мейрамхана ісі" мамандықтары бойынша Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті мен Маңғыстау туризм колледжінің мұғалімдері тыңдаушыларға дәріс оқып, «Rixos Aktau Training Aсademy» бағдарламасымен қазақ және орыс тілдерінде ақысыз негізде «Қонақ үй бизнесіне кіріспе» атты қысқа мерзімді курстар ұйымдастырылды. Жергілікті тұрғындардан 1 520 адам оқуын бітіріп, сертификаттарға ие болды.
Айта кетейік, Ақтау қаласының аумағында 35 қонақ үй, хостелдер мен теңіз жағалауында 19 демалыс базасы, 7 жағажай орналасқан.
Маңғыстау облысы экономикасының шикізатық емес секторы іс-шаралар жоспарының туризм саласын дамыту бойынша «visitmangystau.kz» сайты, интаграмм, фейсбук іске қосылды. Мұнда Маңғыстау мен Ақтаудың көрікті жерлері, туристерге қажетті барлық ақпарат енгізілген және жыл ішінде ақпаратпен толықтыру жалғастырылады. Сондай-ақ, Маңғыстаудың көрікті жерлері туралы сапалы фотосуреттермен қамтамасыз ету мақсатында Республикалық деңгейдегі фотографтардың қатысуымен фотоэкспедиция өткізілді. Бірегей бренд-бук, логотип, Маңғыстау облысының, Ақтау қаласының туристерге арналған жолкөрсеткіші, жағажай картасы, брелок, магниттер, фотокарточкалар жинағы әзірленді. Буклетте өңірдің көрікті жерлері, қызмет көрсететін мекемелер және т.б. ақпараттар орналасқан.
Туристік хал-ахуалды қалыптастыру мақсатында Ақтау-әуежай бағытындағы жолаушылар автобусына және жаңадан сатып алынатын 18 автобусқа туристік бағытта безендіру жоспарланды.