Бүгін газ құю бекеттерінің бір топ қожайыны облыстық әкімдік алдына жиналып, берілетін газ көлемін ұлғайтуды талап етті, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Облыстық әкімдік алдына жиналған кәсіпкерлер жан бағып отырған кәсіптерінің берекесі қашқанын айтады. Бұрындары әрқайсысы 35 тоннаға дейін алып отырған газ көлемі бүгінде 12, тіпті 8 тоннаға жеткен. Өйткені, олардың көгілдір отын алатын газ сақтау стансасына келетін сұйытылған газ мөлшері төмендеп кеткен. Енді газ құю бекеттерінің қожайындары әкімдік тарапынан құрылған комиссияға кәсіпкерлерден бір адам қосылуы тиіс деді.
Біздің талабымыз – газ алып отқан ГСС-дағы көлемді көбейтіп, басқа жақтарға түсініксіз кетіп жатқан газ көлемін кері қайтару. Екіншісі – әкімдік газ бөлу жүйесімен айналысады, соған біздің қатарымыздан газ бөлімінің ашықтығын және әділеттілігін талап ету үшін кәсіпкерлерді қосу, - дейді кәсіпкер Олжас Тауболғанов.
Газ бизнесін дөңгелетіп отырғандар аз көлеммен тапқан ақша қызметкерлердің жалақысы мен салықты төлеуге мардымсыз деп отыр. Сондықтан, олар әкімдікке бірнеше рет келіп шағым айтқан. Ал облыстың энергетика басқарамасының маманы олар сұйытылған газ алып отырған «SK LTD» газ сақтау стансасының құжаттары дұрыс заңдастырылмағандықтан осындай мәселе туындады дейді.
«SK LTD» газ сақтау стансасына берілетін сұйытылған газ көлемі қысқартылды. Себебі газ сақтау стансасының құжаттары заң бойынша сәйкестендірілмеген. Олар заңдастырған құжаттарын ұсынды, бұйырса комиссияда тағы да қаралады. Егер құжаттарының заңдастырылғаны нақты дұрыс болса, біздер энергетика министрлігіне қыркүйек айына жоспарды енгізуге ұсыныс береміз, дейді Маңғыстау облысының энергетика және ТҮКШ басқарамасының маманы Бауыржан Ерпан.
Маңғыстау облысында 300-ден астам газ құю бекеті бар. Ал 5 станса өңірдегі көгілдір отын қорын сақтайды. Наразы кәсіпкерлер сол 5 станса ішіндегі «SK LTD» компнаиясымен ғана келісімшарт жасай алады. Айтуларынша басқа газ сақтау стансалары бұл кәсіпкерлерге сұйытылған газ бермейді.
Махаббат НҰРЖАНҚЫЗЫ