Жаңа оқу жылында Маңғыстау ауданындағы Бекі ауылы мен Қарақия ауданындағы Аққұдық ауылы дәстүрлі түрде, қалған мектептердің барлығы қашықтан оқытылады. Бұл туралы МО қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингте МО білім басқармасының басшысы Асқар Сейдалиев мәлімдеді, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Мектеп оқушыларын қашықтықтан оқыту барысында оқушы мен мұғалімнің арасындағы кері байланыс mektep.edu.kz электронды журналының платформасында жүргізіледі.
«Қазіргі кезде барлық мектеп «Bilim Land», «Daryn Online»,«EduPage» цифрлы білім беру платформаларымен жұмыс жасау үшін келісім шарт жасақтауда. Қосымша ресурс ретінде республикалық телеарналардан телесабақтар көрсетіледі. Бұл телесабақтарды өңірдің барлық оқушылары теледидар арқылы көруге мүмкіндіктері бар. Тікелей телеарналармен қамтылмаған 14 елді мекендердің балалары Отау-ТВ спутниктік телекөрсетілім арқылы көре алады. Қашықтықтан оқыту барысында оқушылардың мектеп бағдарламаларын сапалы меңгеруі үшін оқушылар мен мұғалімдердің компьютерлер немесе ноутбуктерге және интернетке қолжетімділігі болуы тиіс. Бұл бағытта басқарма тарапынан талдау жасалды», - деді МО білім басқармасының басшысы Асқар Сейдалиев.
Бүгінде облыс бойынша 49 652 мектеп оқушысына компьютерлік құрылғы қажет. Қажеттілікті қамтамасыз ету үшін басқарма қызметкерлері әр отбасыда 3-ке дейін оқушы болса 1 компьютерден, 4-тен 6 оқушыға дейін болса 2 компьютерден, 7-8 оқушы болса 3 компьютерден қажет деп есептеп отыр. Сонымен қатар компьютері жоқ 1 218 мұғалімді қоса алғанда барлығы 35 829 компьютер керек. Аз қамтылған отбасылардың, жетім және ерекше білімді қажет ететін балаларға ҚР Үкіметіне жедел шығындарға арналған резервінен жабдықтар сатып алуға өтініш беріліп, республикалық бюджеттен қаражат бөлінді.
Карантин шаралары жеңілдетіліп оқушылар дәстүрлі оқуға көшкен уақытта мектептердегі қатаң санитарлық талаптарды сақтау үшін дезинфекциялық тоннельдер, кварцтар, санитайзерлер, тепловизорлар және т.б. арнайы құрылғылармен жабдықталады.
«Интернетпен қамту бойынша да облыс бойынша аудан, қалалар, елді мекендер бойынша талдау жасалды. 36 219 баланың немесе 14 244 отбасының үй жағдайында интернетке қосылу мүмкіндігі төмен. Бұл мақсатта әрбір елді мекен, көше бойынша аудан, қала, ауыл әкімдіктері байланыс операторларымен бірлесіп интернет жылдамдығын арттыру бойынша жұмыстар атқарып жатыр. Интернет желісі жүргізілмеген оқушылары бар үйлерге 14 244 дана роутерлер сатып алуға жергілікті бюджеттен қаржы бөлінді», - деді МО білім басқармасының басшысы Асқар Сейдалиев.