Бүгін Маңғыстау облысының әкімі Серікбай Трұмовтың төрағалығымен «Маңғыстау – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің жұмысы бойынша кеңейтілген отырыс өтті. Жиынға «Адалдық алаңы» Республикалық жобалық кеңсесінің жетекшісі Т.Байғұлов, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Маңғыстау облысы бойынша департаментінің басшысы Н.Жылқыбаев, қала мен аудан әкімдері (селекторлық режимде), облыстық басқарма басшылары қатысты. Бұл туралы Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
Шарада «Маңғыстау адалдық алаңы» жобасының жетекшісі Дайрабай Үсіпбаев 2020 жылдың қаңтар айынан бастап шілде айы аралығында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Жобаның негізгі міндеті – тұрғындардың сыбайлас жемқорлыққа қарсы мінез-құлық үлгісін одан әрі дамыту және жемқорлық мәселесін, мемлекеттік қызмет көрсету сапасын арттыру арқылы шешу, тұрмыстық сыбайлас жемқорлықты жойып, азаматтар мен бизнес үшін кедергісіз, қолайлы жағдайлар жасау болып табылады.
Облыста жас ұрпақты адалдыққа, парасаттылыққа тәрбиелеу мақсатында: 7 адалдық дүкені ашылып, 67 орта мектепте ұстаздар мен білім алушыларға «сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетін қалыптастыру тақырыбында» лекция оқылып кездесу өткізілді. Өңіріміздегі мемлекеттік органдардың ашықтығы мен жариялығын қамтамасыз ету мақсатында 5 аудан, қалаларда ашық әкімдік кеңселері ашылып өз жұмыстарын жүргізуде.
Жобалық кеңсемен жыл басынан бері тұрмыстық жемқорлықтың деңгейін азайту жолында бірнеше мемлекеттік мекемелерге мониторинг жұмыстары жүргізілді.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет транспаренттілік қағидаты бойынша мемлекеттік органдардың халықпен өзара іс-қимыл форматына көшуі бойынша тиісті жұмыстар жүргізілуде.
Сонымен қатар, осындай ашық алаңдар өңірдегі қалалар мен аудандарда да ашылды. Олар тұрғындарға мемлекеттік қызметтің 12 түрі бойынша қызмет көрсетеді. Кеңсе «бір терезе» қағидасы бойынша жұмыс істейді. Мәселен, ашық алаң жұмысын бастағалы бері 151 тұрғынды қабылдап, сұрақтарына жауаптар берілді.
Жалпы, қоғамда сыбайлас жемқорлыққа төзбеушілік жағдайын қалыптастыру мақсатында Маңғыстау облысында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қажетті іс-шаралар жалғасатын болады.
Атқарылған жұмыстарды тыңдап, қорытындылай келе облыс басшысы сыбайлас жемқорлықты болдырмау мақсатында мемлекеттік органдар мен басқарма басшыларына, қала және аудан әкімдеріне бірқатар тапсырмалар берді. Атап айтқанда, ашық алаңдарды ауыл және ауылдық округтерде ашуды қамтамасыз етуді, бірінші басшыларды төмеңгі қабаттағы әйнектелген кабинеттерге міндетті түрде көшіру жұмыстарын ұйымдастыруды, тұрғындардың сұрақтары мен арыз-шағымдарына уақытымен жауап берілуін қадағалауды тапсырды.