Бұл туралы облыстық қоғамдық коммуникация орталығында өткен онлайн брифингте МО кәсіпкерлік палатасының директоры Нұрбек Қарасаев мәлім етті. Оның айтуынша, кандидаттардан өтініш қабылдау 12 тамызда басталды. Құжаттарды қабылдау vote.atameken.kz сайты арқылы жүргізіліп жатыр.
"Өңірлік кеңеске облыстағы 20 кәсіпкер мүше болады. 12 мен 16 тамыз аралығында кандидаттардан өтініш қабылдау, таныстыру, ары қарай 17-20 тамыз аралығында үгіт-насихат жұмыстары басталады. Ал дауыс беру онлайн режимде 22-26 тамыз аралығында өтеді. Облыстық кеңестің 60 пайызы облыс орталығындағы кәсіпкерлік субъектілерінен және Өңірлік палатада аккредиттеуден өткен қауымдастық (одақ), өзін-өзі реттеуші ұйымдардан, ал 40%-ы аудандардағы кәсіпкерлік субъектілерінен құралады", деді МО "Атамекен" кәсіпкерлік палатасының директоры.
Кандидаттар өңірде тіркелген кәсіпкерлер, өзін-өзі реттейтін ұйымдар мен Кәсіпкерлер палатасынан аккредиттеуден өткен қауымдастықтардың бірінші жетекшілері немесе қауымдастықтың орындаушы органының мүшелері арасынан сайланады.
Өңірлік кеңес мүшелігіне үміткерге қойылатын талаптар:
• Қазақстан Республикасының азаматы болу;
• Өңірдің әлеуметтік-қоғамдық өміріне белсенді қатысушы болу;
• Кәсіпкерлер арасында пікір көшбасшыларының бірі болу;
• Өңірде жария тұлға болу;
• Кәсіпкерлер арасында және қоғамда оң беделге ие болу;
• Бизнесінің тарихы оң болуы;
• Әлеуметтік жауапты кәсіпкер болу;
• Облыстық, қалалық мәслихаттардың депутаты болуы құпталады;
• Үміткер сотталмаған, кез-келген төлемде қарызы болмауы тиіс.
Толық ақпарат vote.atameken.kz сайтында жарияланған. Сондай-ақ, сайлау жайында ақпаратты 1432 колл-орталығынан алуға болады.