Маңғыстау облысы Полиция департаментінің бастығы Жанарбек Бақтыбаев тұрғындарға Қазақстан Республикасының заңнамасына енгізілген өзгерістер мен толықтырулар туралы үндеу жасады, – деп хабарлайды департаменттің баспасөз қызметі.
— Құрметті Маңғыстау облысының тұрғындары мен қонақтары! ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев “Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы” Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды. 2020 жылдың 19 шілдесінен бастап тыныштық режимінің уақыты өзгерді. ӘҚБтК-нің 437-бабының 1-тармағына сәйкес, жеке тұлғалардың қалыпты демалысы мен тыныштығына кедергі келтіретін, оның ішінде тұрғынжайда және оның сыртында шұғыл қажеттілікпен байланысы жоқ шу шығаратын жұмыстарды жүргізу, сол сияқты тұрғын ғимараттарда және тұрғын үй құрылысы аумақтарында орналасқан ойын-сауық орындарының жұмыс күндері сағат 22:00-ден таңғы 09:00-ге дейін, демалыс және мереке күндері сағат 23:00-ден таңғы 10:00-ға дейін тыныштық сақтау режимі болып табылады. Осыған байланысты біздің полицейлер халық арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізуде, – деді Маңғыстау облысы Полиция департаментінің бастығы Жанарбек Бақтыбаев.
Жыл басынан бері жеті ай ішінде 2300-ден астам адам тыныштықты бұзып, әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Бұрын кодексте сағат 23:00-ден таңғы 06:00-ге дейінгі уақыт белгіленген болса, енді жұмыс күндері сағат 22:00-ден таңғы 09:00-ге дейін және демалыс күндері сағат 23:00-ден таңғы 10:00-ге дейін шу шығаруға болмайды. Тыныштық режиміне бағынбағандарға ӘҚБтК-нің 437-бабына сәйкес айыппұл салынады.