Бұл туралы МО қоғамдық коммуникация орталығында өткен онлайн брифингте облыстық төтенше жағдайлар департаменті азаматтық қорғаныс бөлімінің басшысы Ратбек Демеуберген мәлімдеді, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Оның айтуынша, төтенше жағдайлар департаменті қызметкерлерінің қауіпсіздік ережелерін сақтау туралы ескертуіне қарамастан суға кету дерегі азаяр емес. Әсіресе, тыйым салынған және жабдықталмаған орындарда шомылып, мас күйінде суға түсетіндер көп. Соның ішінде балаларды қараусыз қалдырушы ата-аналардың жауапсыздығынан болатын қайғылы оқиғалар да бар.
«Бүгінгі күнге дейін облыста өткен 178 рейдтік іс-шараға жергілікті полиция өкілдері мен МО табиғи ресурстары және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы қызметкерлері жұмылдырылды. Нәтижесінде әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 440-бабы бойынша 20 адам, ортақ су пайдалану ережелерін бұзу бойынша 7 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Шомылу маусымы басталмас бұрын құтқарушылар азаматтарды судағы барлық қауіпсіздік шараларын сақтауға шақырады. Судағы адам шығынын болдырмау үшін профилактикалық іс-шаралар шомылу маусымы аяқталғанға дейін жүргізіледі. Ең бастысы, балаларды қараусыз қалдырмау қажеттігін тағы да ескертеді», - деді ол.