Кенеттен келген кесел көптің көңіліне кірбін ұялатып, елді әбден әбігерге салғаны рас. Тұтқиылдан төнген дертке шипа іздесе де, індеттің апаны талай адамды келместің кемесіне мінгізді. Алайда ел басына күн туғанда етігімен су кешер азаматтардың ісі көңілге медеу, қиналғанға қолғабыс, жабырқаған жанға жұбаныш болғаны анық.
Сын сағатта Маңғыстау облыстық волонтерлар корпусының жетекшісі Мұқаш Оралбай бастаған еріктілер ақ халаттылардың жанынан табылған болатын. Волонтерлар провизорлық станционарда таңертеңнен кешке дейін бір деммен отыз күн бойы еңбек етіп, бүгін өз қызметін аяқтап отыр.
Бұдан бір ай бұрын ерікті Мұқаш Оралбай бірігетін сәттің келгенін айтып, жас буынды індетке қарсы күресуге шақырды.
«Сауатты мәтін құрай алсақ, жұртты хабардар етейік. Графикалық дизайнды білсек, инфографика жасап, елдің визуалды қабылдауына әсер етейік. Медициналық базалық білім болса, санитар болайық. Бос уақыт болса, керек-жарағын жеткізіп берейік! Оларға бұл індеттің күресінде жалғыз емес екенін айтайық, сезіндірейік. Әркім өз қабілетін осы індетке қарсы күресуге жұмсауға шақырамын. Бастысы – ел көші түзелсінші, қалғаны бола жатар. Билікті де, басқаны да сынап, бір-бірімізді сөгіп үлгерерміз. Дәл қазір бәрін ысырып, ел мүддесі үшін жұрт болып жұмылайықшы!» - деп өз фейсбук парақшасында жазба қалдырған болатын.
Осы орайда біріккен білектің күші кез келген ауырлыққа төтеп беретініне көз жетті. Олар тек білектің күшіне ғана емес, бойдағы қажыр-қайрат, жүректегі сенім, денедегі қуатқа сенді. Олар жастық жалынымен жан-жақтан көмек қолын созып, қиын сәтте ауыр істі жеңілдетуге тырысты. Дем жетпей, індетпен бетпе-бет күресіп жатқандарға оттегі баллондарын жинақтады. Науқасқа келген азаматтардың өтінішін дәрігерлерге айтып, азық-түліктері мен қажеттіліктерін жеткізді. Күн-түн демей, елдің амандығы үшін аянбай тер төкті.
«Провизорлық станционарда жүргенімізге тура 15 күн, үй көрмегеніміз аптаға жуықтапты. Туысы төсек тартып, бауыры хәл үстінде жатқан жандардың жан-айқайын, қаралы хабарды естіп жатқан отбасының қайғысын көру ауыр тигенмен, ешқашан үмітімізді үзген емеспіз. Кейде келген жұрт ауыр сөз, қайғыдан қарғыс та айтып жатады. Жанымдағы бауырларыма қандай жағдай болмасын адал қызмет етуді, ызамен айтылған сөздерді елемеуді, әрбір жеткізілімді уақтылы әрі тиянақты жеткізуін айтып жүрмін. Шүкір, жігіттер айтқанымды екі еткен емес», - деп өз алғысын жеткізген еді.
Облыстық волонтер корпусының жетекшісі Мұқаш Оралбайдың айтуынша, науқасқа келген жұрттан, қара жамылған отбасыдан қарғыс та, алғыс та алған сәттері болған. Берілген нұсқаулықты бұзуға мәжбүр болып, науқаспен тікелей қарым-қатынаста болған кездер де аз емес. Үлкендердің батасын алып, хәл үстінде жатқан жандарға дер кезінде көмек көрсетіп разылығын да алған.
«Осы уақыт ішінде бірнеше ұйымға қолдау көрсетіп те үлгердік. Шама-шарқымыз келгенше сабырлық танытып, үнсіз қызмет етуге тырыстық. 5 келі салмақтан арылыппын, жүйке біраз жұқарды. Үйді сағындық. Енді бәрі артта қалды деп үміттенеміз. Дәрігерлерге, медициналық персоналдардың сенімді серігі, келген елдің әділ қызметшісі болғанымызға сенемін», - деді ол.
Сонымен қатар ол қиындықтан қашпай, төзімділік танытқан маңғыстаулық еріктілердің адамгершілігі мен жанқиярлығына тәнті болып, еткен еңбегіне алғыс білдірді. Күннен-күнге қатары азайса да бастаған істі соңына дейін жеткізді. Өңірдегі эпидемиологиялық жағдайдың тұрақтылығына және волонтерлық қызметтің жаңа деңгейге шығуына атсалысты.
Жұлдызай ҚАЛИЕВА