Жаңаөзен қаласы бойынша санитарлық тазалау жұмыстарын жандандыру мақсатында 3 қоқыс таситын көлік және 500 дана қоқыс жәшігі сатып алынды, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Бұл туралы Жаңаөзен қалалық тұрғын үй коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы Аманбек Таңатов айтты.
«Биыл санитарлық тазалықты қамтамасыз етуге 833 859,92 мың теңге көлемінде, бюджеттен бөлінгені 719 720,0 мың теңге, қосымша бөлуді қажет ететін қаражат көлемі 114 139,92 мың теңге. Мемлекеттік сатып алу конкурсы нәтижесіне орай мердігер мекеме болып «Қала жолдары» ЖШС анықталды. 2019 жылы санитарлық тазалау жұмыстары ескерілмей қалған көшелер болған. Атап айтқанда: Бекет Атаға баратын облыс орталығынан келетін қонақтарымыздың басым бөлігі жүріп өтетін жолы «Жаңаөзен» стелласынан Тілендиев көшесінің қиылысына дейін және Тілендиев көшесінің Теңге ауылы қиылысына дейінгі жолдарын тазалау. Биыл аталған аумақтар санитарлық тазалау жоспарына енгізілді», - деді А. Таңатов.
«Қала жолдары» ЖШС қала ішінің орталық көшелерін тазалау, шағын аудандар арасындағы көшелер, Астана, Бәйтерек, Арай, Мамыр, Бостандық, Мұнайлы шағын аудандарының көшелерін санитарлық тазалау, жол жиектерін әктеу, сырлау жұмыстарын жүргізеді. Сондай-ақ қала бойынша, шағынаудан ішілік жол төсемдерін, үйлердің аулаларында, балалар және спорт алаңдарын жүйелі түрде тазалау, (қоқыстар) түскен жапырақтарды жинау жұмыстарын жүргізеді. Сонымен қатар, қаласы бойынша тұрмыстық қатты қалдықтарды тасып шығару бойынша жұмыстар бақылауда екенін жеткізді.
«Қаламыздың санитарлық тазалау және тұрмыстық қатты қалдықтарды тасып шығару жұмыстары үздіксіз, демалыс күндері кестеге сәйкес 12 ай бойы жүргізіледі. «Тазалық-С» ЖШС қала ішінің орталық көшелерінің, Астана, Бәйтерек, Арай, Мамыр, Бостандық, Мұнайлы шағын аудандарының, көшелерінің қоқыстарын тасымалдау жұмыстарын жүргізеді» деді ол.
Қаламыздың тұрмыстық қатты қалдықтарды тасып шығару жұмыстарына 150-ге жуық жұмысшы, 21 көлік жұмылдырылған. Қосымша қалада оған іргелес жатқан елді мекендерден жиналған қоқыстарды уақытында тасымалдап шығаруға 5 жүк тиегіш, 9 дана автотөңкерме (самосвал), көктем жаз айларында қала көшелерін шаң–тозаңнан тазалауға 3 дана су таситын көлік және 2 дана трактор қарастырылған.
«Қала бойынша 4546 контейнер орнатылған. Тұрмыстық қатты қалдықтар Жаңаөзен-Ақтау жол бойында 12 шақырым жерде орналасқан осындай қалдықтарды қайта өңдеу және көму комбинатына жеткізіледі. Айына шамамен 2800-3400 тоннаға жуық тұрмыстық қатты қалдықтар қабылданады. Келіп түскен тұрмыстық қатты қалдықтар (қағаз, картон, пластик, шыны, целлофан т.б) іріктеліп, қалған жарамсыз қалдықтары полигонға көміледі» - деді А. Таңатов.
Тұрмыстық қатты қалдықтарды тасымалдау және көму тарифтері төмендегідей:
Тұрғындар үшін – 194,95 теңге; (ҚҚС есебімен);
Мекемелер үшін – 2245,26 теңге. (ҚҚС есебімен) 1м3.
Қазіргі таңда тарифті жаңадан жасақтауға жұмыстар жүріп жатыр. Тұрмыстық қатты қалдықтарды шығару есебі тұрғын басына шаққанда 350 теңгеге есептеліп «ӨКМ Операторы» ЖШС-на жолданды. Алайда кемшіліктерді жою мақсатында кері қайтарылған. Қазіргі таңда жіберілген кемшіліктерді түзеп, қайта жолданды. Келісім алған жағдайда алдағы өтетін мәслихат сессиясына ұсынылатын болады.