Маңғыстау облысының әкімінің қолдауымен М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университетінің ғалым-дәрігерлері қоғам белсенділерінің қатысуымен «ZOOM» конференц-платформасы арқылы тікелей эфир өткізді. Мамандар қауіпті індеттің таралуын тежеудің негізгі жолдарын айтты.
«Тұрғындар «Covid-19» вирусын жұқтыру қаупін төмендету үшін бетперде тағуды, қолды жиі жууды, қажет болмаған жағдайда қоғамдық орындарға бармауды, бара қалған жағдайда әлеуметтік арақашықтықты сақтауды, адамдармен қол алысып амандаспауды әдетке айналдыруы тиіс. Сондай-ақ, тұрғындарды өз бетімен дәрі-дәрмек сатып алып, үйде ем қабылдамауға шақырамын. Әсіресе, антибиотиктерді орынсыз қолдану - адам ағзасының түрлі вируспен күресетін табиғи иммунитетін әлсірететінін айтқым келеді. Әсіресе, қоғамдық орындарда бетперде тағу сіз бен біздің вирус жұқтырмауымызға септігін тигізеді. Сондықтан індетке бей-жай қарамай, қауіпсіздік шараларын қатаң түрде сақтауға шақырамын», деді дәрігер-гигиенист Ақмарал Баспақова.