Бұл туралы «Халыққа көмек» қоғамдық штабы хабарлады.
Қала тұрғындарын алаңдатып жүрген маңызды мәселелердің бірі – қала ішіндегі жолаушы тасымалдау мәселесі. Қоғамдық көлік қозғалысының карантинге байланысты тоқтауы салдарынан, халық тек такси қызметтерін пайдаланумен шектеліп отыр. Өз кезегінде бұл жағдай тұрғындардың қосымша шығындарының көбеюіне әкеліп отыр.
Осы мәселе төңірегінде «Халыққа көмек» қоғамдық штабы проблеманы көтеріп, Ақтау қаласы әкімдігінің «Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары» бөлімінің бастығы Ж. Кубашев мырза, қала маслихатының депуттары және қаладағы бірқатар такси қызметтерінің басшыларымен ашық алаңда бас қосып, мәселені талқылады.
Бас қосуда тараптар тыңдалды, туындаған пікірлер, аргументтер мен фактілер қызу талқылаумен жалғасты. Нәтижесінде, тараптар қазіргі жағдайға байланысты бағаны реттеудің жан-жақты тиімді жолдарын қарастырып, тұтынушыларға қала ішіндегі такси қозғалысының бағасын мүмкіндігінше төмендету ұсынылды.
Ортақ диалог нәтижесінде тараптар такси бағасын 350-450 теңге диапазонынан аспайтын шартпен ортақ келісімге тоқталды. Жиынның түйіні ретінде Меморандумға қол қойылды. Меморандум қол қойылған күннен бастап қаланың такси қызметтері тұтынушыларды келісілген бағамен тасымалдайтынын мәлімдеді.
«Халыққа көмек» қоғамдық штабы мен Ақтау қаласы әкімдігінің «Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары» бөлімі осы мәселеленің орындалуын бірге қадағалағап отыратын болады.