Маңғыстауда алғаш COVID-19 тіркелген күннен аяқтан тік тұрып, білек сыбанып іске кіріскендердің бірі дәрігер-эпидемиолог Мерей Сисенов. Ол 26 шағынауданда орналасқан облыстық ауруханадағы провизорлық стационарда ең жауапты істі атқарады. Орталықтағы тазалықтың сақшысы өзі. Дәрігер наурыз айынан бері жақындарының жүзін де көрмеген. Туыстарымен әлеуметтік желіде бейне байланыс арқылы көрісіп, соны жұбаныш етіп жүр. Әлемді жаулаған кесапат дәрігердің үй болам деген ойына да тосқауыл болыпты.
Отбасымды көрмегелі төрт айдың көлемі болды. Туған-туыс аға бауырлардың қасында болғанға не жетсін. Анамның, әжемнің пісірген тамақтарын сағынасың, аңсайсың. Той мәселесіне дайындалып жатқан болатынбыз, Алла бұйыртса коронавирусты ауыздықтап, аман-есен жеңіп шыққан жағдайда отбасымызда той болады деген үміттемін, - дейді эпидемиолог дәрігер Мерей Сисенов.
Маңғыстауда коронавируспен күресуге 1 200-дей маман жұмылдырылса, соның 10-ы ауру жұқтырып үлгерген. 5 жылға жуық эпидемиолог болып жүрген Мерей дәл қазіргі уақытта әріптестерінің қатерлі дертті жұқтырмауына жауапты. Талайдың өмірін жалмаған бұл індет елдегі медицина, тазалық мамандарының қызметі маңызды екенін көрсетті.
Бүгінге таңда эпидемиолог мамандарды дайындаудың өзі үлкен мәселе. Себебі бұрынғыдай санитарлық эпидемиологиялық факультет барлық жерде жабылып қалды, - дейді МО Денсаулық сақтау басқармасының штаттан тыс Бас эпидемиологы Марал Қадыр.
Елімізде індет таралғалы бері эпидемиолог мамандардың тапшылығы байқалады. Ал дәл осы профизорлық стационарда бүгінде 3 эпидемиолог маман жұмыс істейді.
Махаббат НҰРЖАНҚЫЗЫ