Ақтаудағы Family town көпқабатты үйдің тұрғындары қоқыс контейнерінің уақытылы тазаланбайтынын айтады. Тұрғынның айтуынша, контейнердегі қоқыс тау болып үйіліп қалған, ал жиналмағанына 1 апта болған.
«Мына қоқыс жәшігін қоршау керек. Үнемі шыбын-шіркей жиналып, сиырлар қоқысты жан-жаққа лақтырады. Көршілеріміз келген сиырды қуып шаршады. Мына қоқыстың жиналмағанына апта өтті. Приморскийде орналасқан үйлерге туристер көп келеді. Демалуға келген жандар осы қоқысты көрсе, біздің антисанитариялық жағдайымыздан қорқып кететін шығар», - дейді қала тұрғыны Зульфия Маметова.
Тұрғын үй кешенінің тазалығына «Соцсервис» ЖШС жауапты. Осы ретте аталған мекемеге қоңырау шалып, қолқаны алған қоқыстың уақытылы шығарылмау себебін сұрадық.
«Мекемеде маман жетіспейді. Бұған дейін екі көлік жүргізушісі болған. Олар қоқысты уақытылы шығарып, тұрғын үй тазалығының сақталуын қадағалайтын. Қазіргі таңда бір ғана көлік бар, жүргізушісі жұмысын жалғастырып жатыр. Сол себепті де кейде өз уақытында қоқыс алынбай қалады. Ал Family town тұрғын үйінің қоқыс контейнері жақында тазаланған болатын», - дейді «Соцсервис» ЖШС өкілі.
Айтуынша, жиналған қоқыс күн сайын алынады. Алдағы уақытта маман мәселесі шешілсе, компания жүктелген міндетті жауапкершілікпен орындайтынын алға тартты.
Жұлдызай ҚАЛИЕВА