Маңғыстау облысы Баянды ауылындағы жол сапасына байланысты «Жол активтері ұлттық сапа орталығының» қорытындысы шықты, деп хабарлайды орталықтың баспасөз қызметі.
ҚР индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұловтың тапсырмасы бойынша Маңғыстау облысы Баянды ауылындағы сапасыз салынған жолдың құрылысын «Жол активтері ұлттық сапа орталығының» инженерлері барып, тексеру жүргізген болатын.
«Көтерілген мәселе бойынша бірқатар кемшіліктер анықталды. Сметалық құжат дұрыс және толық жасалмаған, 6 көшеге ортақ бір ғана құжат әзірленген. Сондай-ақ, ақау тізімдемесінде геометриялық сипаттамалары, яғни көше ұзындығы, төсемнің құрылымдық қабаттарының ені және қалыңдығы да көрсетілмеген. Зауыттан шыққан асфальт-бетон қоспасы нормативтік талаптарға сай болғанымен, мердігер мекеме төсеу кезінде қателіктер жіберген. Сонымен қатар, қарастырылған құжатта негізді өңдеуге арналған битумның шығыны нормадан екі есеге аз көрсетілгендіктен, асфальт төсемі мен астыңғы қабаты бір-бірімен дұрыс қабыспауына әкеліп соқты. Техникалық құжаттар сараптамасының және техникалық қадағалаудың болмауы осындай ақаулардың орын алуына әкеліп отыр. Мұның бәрі мамандардың кәсіби деңгейінің төмендігін көрсетеді» делінген хабарламада.
Айта кетейік, бұған дейін Мұнайлы ауданындағы Баянды ауылында салынған жаңа жолдың сапасын сынға алған видео әлеуметтік желіде кеңінен тарап кеткен болатын. Видеода жол төсемін қолмен алып тастауға болатыны айтылып, сонымен қатар астына қажетті тастар төселмеген деп сыналғанын жазған болатынбыз.