Мұнайлы ауданындағы Баянды ауылында салынған жаңа жолдың сапасын сынға алған видео әлеуметтік желіде кеңінен тарап кетті. Видеода жол төсемін қолмен алып тастауға болатыны айтылып, сонымен қатар қажетті тастар төселмеген деп сипатталған.
Облыс әкімдігі осы жағдайға қатысты түсініктеме берді.
"Баянды ауылындағы ауылішілік автомобиль жолдарының орташа жөндеу жұмыстары «Ауыл Ел бесігі» бағдарламасы аясында жүргізіліп жатыр.
Мұнайлы аудандық Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушы көлігі және автомобиль жолдар бөлімі тарапынан, 2020 жылдың 10 сәуірі күні мемлекеттік сатып конкурсы жарияланып, 22 сәуірдегі қорытынды хаттамаға сәйкес «Амиран» ЖШС жеңімпаз болып танылды. Ауылішілік жолдың орташа жөндеу жұмысының жалпы ұзындығы 2 шақырымды құрайды. Жолдың қабаты мен асфальт төсеу жұмысы бойынша зертханалық сынақтар алдағы аптада алынады.
Айта кетейік, зертхана тарапынан қорытынды алынбай мердігер мекемеге қаржы аударылмайды және жол пайдалануға берілмейді, қабылданбайды. Жөндеу жұмыстары әлі де жалғасуда. Әлеуметтік желіде тарап кеткен бейнежазбадағы төселген асфальт бойынша Маңғыстау облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының қатысуымен кездесу ұйымдастырылып, көрсетілген кемшілікті жою жөнінде мердігер мекемеге тапсырма берілді. Жөнделген жолдың сапасы, асфальттың қалыңдығы, тығыздығы және сметалық құжатта көрсетілген талаптарға сәйкес болмаған жағдайда тапсырыс беруші тарапынан аталған жол қолданысқа берілмейді", делінген баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.