Жұма күні аудандық орталық аурухана басшысы Жанар Сайынқызымен алдын ала келісілген уақыт бойынша тілші Дина Жолдасбай екеуміз аудандық ауруханаға қарай бет алдық. Ондағы мақсатымыз бүгінгі таңда өршіп тұрған короновирус індетімен, пневмониямен арпалысып жатқан науқастармен сұхбаттасып, ауруханадағы ахуалды көзбен көріп қайту еді. Қорқыныш та жоқ емес, сонда да «нар тәуекел» деп бір-бірімізге дем беріп, ауруханаға аяқ бастық. Қабылдау бөліміне келгеннен-ақ, ақ халатты абзал жандардың қызу жұмысына куә болдық. Медбикелер өте ауыр жағдайда түскен науқастардың қызуын өлшеп, алғашқы көмектерін көрсетіп жатты. Ауруханада қазіргі уақытта жоғары дәрежелі 1 дәрігер-инфекционист, 2 реанимотолог, 2 терапевт, 1 хирург, 18 мейірбике және 18 санитар жұмыс атқаруда.
Арнайы қорғаныс киімдерін киіп, науқастар жатқан бөлімдерге қарай көтерілдік. Ауруханада бүгінгі таңда 108 науқас аурумен арпалысып, медицина қызметкерлерінің жіті бақылауында жатыр екен. Әрбірінің дәрігерлерге айтар алғысы шексіз. Аты жаман сырқаттан тез айығып, жақындарымен қауышуды армандайды.
Кейбірімен біз жақын тілдескендіктен, басынан кешкендері көпшіліктің көкейіне жетер деген үмітпен айтқан сөздерін оқырман назарына ұсынуды жөн санадық.
Құдайберген ӘБУОВ, 60 жаста:
Алғашында ауру белгілері байқалғанда үйде жатып ем дом қабылдадым. Айығып кетермін деген үмітім болды, бірақ күн өткен сайын ауруым ұлғаймаса, азайған емес, тыныс алуым нашарлап, дем алған сайын кеудем ауыратынды шығарды. Денемді ауырлық басып, тұла бойымды әлсіздік биледі. Дене температурасынан тоңып, жөтелдің күшейгендігін байқадым. Қант құрамындағы қант мөлшері көбейіп кетті. Тамаққа тәбетім тартпай, жүрегім айныды. Болмаған соң кеше аудандық аурухана келіп түстім, қазір жағдайым келген кездегіге қарағанда сәл тәуірлеу, осы жерден құлан таза айығып шығамын деп ойлаймын. Тұрғындарға айтарым өте сақ болыңдар, жеке бас тазалығына өте қатты мән беріңіздер, қазір кезде әр адам өз денсаулығы үшін жауапты болу керек. Сақтық шараларын сақтамай өзімізге, жақындарымызға зиянымызды тигізбейікші.
Гүлшара ЖҰМАҒАЗИЕВА, 54 жаста,
Жасыратыны жоқ, алғашында бұл ауруға бәріміз селсоқ қарадық, ел арасында түрлі алып қашпа әңгімелер де жүріп жатты. Мемлекетіміздің бекіткен карантин шараларына да бағынбай, сақтық шараларын сақтамаған кезіміз болды. Қазір бір палатада анам екеуміз жатырмыз. Бұл ауру қант диабетімен ауыратындарға, қан қысымы мазалайтындарға көбірек әсер етіп жатқан сияқты. Өз басымнан өтіп отыр, жөтелім күшейіп кетті, тыныс алуым ауырлады. Қазір келген кезге қарағанда жағдайымыз біршама жақсы, ол үшін ақ халатты абзал жандарға алғыс айтпай кетуге болмас. Жанар Сайынқызы бастаған аудандық аурухананың барлық дәрігер, мейірбикелеріне басымды иіп алғыс айтамын. Күнде жағдайымызды бақылап, ем-домын жасап жатыр. Тезірек аурудың беті қайтып, бұрынғы жайма шуақ, алаңсыз күндерімізге қайта оралсақ екен.
Жанар НҰРЛЫБАЕВА, аудандық аурухананың бас дәрігері
Қазіргі таңда КВИ-мен ауыратын науқастарға арналған 120 орындық стационарда 108 емделуші жатыр. Кейбір науқастарды үйінен оқшаулануға жібереміз, ал егер үйінде бір жасқа дейінгі балалар бар немесе 60-тан асқан қарттары, жүкті әйелдер бар болса ондай науқастарды ауруханада емдеуге тура келеді. Науқас ауруханаға түскен кезде біздің қызметкерлер міндетті түрде қорғаныс киімдерін киеді. Науқас ауруханаға түсер алдында ол кісінің жағдайы тексеріліп жағдайы анықталады. Реанимацияны, жасанды тыныс алу аппаратын дайындау қажеттігі алдын ала нақтыланады. Соған байланысты қызметкерлер дайын отырады. Қазір жағдай күрделі, біз қолдан келген барлық шараларды жасап жатырмыз. Бірақ өлім жағдайлары да тіркеліп жатыр. Сондықтан халықты сақтануға, үйде болып, денсаулығын күтуге шақырамыз,-дейді Ж.Сайынқызы. Бұл біздің ауруханада өткен уақытымыздың қысқаша баяндамасы.
Осы және өзге де ақпараттарды толығырақ “Жаңа өмір” газетінің сәрсенбіде шығатын санынан оқи аласыздар.
Айгүл РАХМЕТОВА,
“Жаңа өмір” газетінің редакторы